Еңбекшіқазақ ауданында қуаты 60 МВт болатын жел электр станциясы салынуда

Dalanews 17 ақп. 2021 04:54 291

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Самұрық Энерго» АҚ өкілдерімен кездесіп, энергия тапшылығын жою, облыс аумағындағы жаңартылған энергия көздерін шығаратын нысандардың жобасы жайлы мәселені талқылады, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында алдымен «Самұрық Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Жоламанов жүздесуге келгендегі мақсат-міндеттеріне қысқаша тоқталып өтті. Ол өз сөзінде «Самұрық Энерго» инвестиция салу жағынан және ірі салық төлеуші ретінде Алматы облысының сенімді серіктесі екенін атап өтті.

Елбасының тапсырмаларына және Президенттің алға қойған міндеттеріне сәйкес компания тұтас елімізбен қатар, облыс аумағында да бірқатар ірі жобаларды қолға алуға ниетті.

Жобалар мен оларға қатысты әкімдік тарапынан қолдауды қажетсінетін мәселелер жайлы Жобалық кеңсе жетекшісі Аңсар Айдаров баяндады. Ол «Алматыэнергосбыт», «Алматы электр стансалары», «Алатау Жарық» сияқты өздеріне қарасты компаниялар қызметінің облысқа қатысты тұстарына екпін түсіре шолу жасады. Сол сияқты, ең бастысы, алдағы уақытта қолға алатын жобаларына кеңінен тоқталды.

- Алдағы 10 жылда Қазақстанда 10 мың МВт шамасында электр энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін екені болжанып отыр. Бұл ретте Алматы облысы біз үшін – ең маңызды өңір. Өйткені Алматы облысында электр өндіруге, соның ішінде  жел, күн, су көздерін пайдалануға табиғи мүмкіндіктер көп.

Сондықтан бүгін бірқатар жобаларымызды таныстырып, әкімдік тарапынан көмек қажет болатын мәселелерді жеткізсек дейміз.

Біз Іле ауданында орналасқан «ТЭЦ-3» кәсіпорнын табиғи газға ауыстыру мәселесі бойынша Алматы қаласымен бірлесіп жұмыс тобын құрдық.


Осы топқа арнайы мамандарыңызды енгізіп, ТЭН, Техникалық тапсырма сияқты құжаттардың әзірленуін бірлесіп атқарсақ деген ниетіміз бар. Биылғы жылы Еңбекшіқазақ ауданында қуаты 60 МВт болатын жел электр стансасын іске қосуға дайындалып жатырмыз. Кейін оның қуатын 300 МВт дейін арттыру да ойластырылған, - деді А. Айдаров.

«Самұрық Энерго» АҚ өкілі Шелек өзенінде ГЭС 29 құрылысына да дайындық жұмыстары жүріп жатқанын тілге тиек етті. Сол сияқты Шелек энерготорабы желісін дамыту жобасын, «Қаскелең» 220 кВ ҚС 110кВ Ашық тарату құрылғысына қосылатын 110/10 кВ «Көкөзек» қосалқы стансасының және Іле өзенінде қайта реттегіш «Кербұлақ» ГЭС-інің құрылыстарын жүргізуге облыс әкімдігінің жер учаскелерін қарастыруға көмегі қажеттігін айтты.



Компания өкілдерінің сөзін тыңдаған облыс әкімі:

- Алматы облысының расында жаңартылған энергия көздерін дамытуға мүмкіндігі мол. Мен екі-үш күн бұрын Үкімет отырысында осы тақырыпта хабарлама жасадым. Бүгін, міне, сол мәселені талқылауды өздеріңізбен жалғастырып отырмыз. Келгендеріңізге қуаныштымын.

Энергия бар жерде тіршілік бар, өмір бар. Сондықтан бұл мәселе қашанда маңызды. Бұл тұрғыда біздің де өз жоспарларымыз бар.

Талдықорғанда ТЭЦ салу жобасы қазір қарастырылып жатыр. Өйткені қаладағы «Басқуат» жылыту қазандығы техникалық жағынан тозған, үлкен жүктемені көтеруге қауқары шамалы. Соған байланысты ТЭЦ жобасы болашақта мықты өндіруші мекеме болады деп ойлаймыз. Одан өзге күн, жел, су электр энергиясын шығару жобалары да бар.

Біздің өңірдегі «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы қарқынды даму нүктесі саналады. Осы аумақта электр энергиясының жетіспеушілігі бар. Сол тапшылықты болдырмауды бірлесіп ойластырсақ дұрыс болар еді, сіздерге өз тарапымыздан көмек көрсетуге әзірміз. Жаңағы айтып өткен жобаларыңыз бойынша да біз аудандармен жұмыс жасаймыз, мәселелер шешімін табады, - деді Амандық Баталов.

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x