“Ең қауіпті өңір емес”. Сұлтанғазиев Талғар ауданына қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 27 қар. 2025 17:08

Талғар – Алматы облысындағы ең қауіпті аудан емес. Бұл туралы Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айтуынша, өңірдегі қылмыс деңгейі 18%-ға төмендеген.

“Талғар ауданына келсек, облыс ішіндегі шағымдар мен сұраныстар саны бойынша бірінші орында емес. Еңбекшіқазақ және Қарасай аудандарынан кейін үшінші орында тұр. Әлеуметтік желілерде резонанс тудырған кейбір жағдайлар болды. Сол себепті осындай пікір қалыптасып отыр. Жалпы, Талғар – қарқынды дамып келе жатқан қала”, – деді Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, кейінгі уақытта Талғар ауданы түрлі қылмыстан көз ашпай келеді. Әлеуметтік желіде тараған жантүршігерлік оқиғалар аудан туралы теріс пікір қалыптастырып үлгерді. Солардың бірқатарына тоқталып өтейік.

Шерзат ісі

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Іс бойынша сот шешімі шықты. Тергеу мәліметінше, Шерзатқа пышақ жарақатын салған басты айыпталушы Абзал Шынасыл 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Равиль Сакиев 20 жылға сотталды.

Қалған айыпталушылар 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Кәмелетке толмаған Ы.Д. 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Хасан ісі

Сонымен қатар жақында Шерзат ісінде есімі аталған "Хуторлық" Хасан Қасымбаев пен оның сыбайластары адамдарды ұрлап, ауыр дене жарақатын салып, ақша бопсалаумен айналысқаны үшін 12 жылға сотталған еді.

Айыптаудың нұсқасы бойынша, бірнеше эпизод болған. Бірінші эпизод кәсіпкер Аюбжан Тәжіевке қатысты. Тергеу мәліметінше, 2016 жылы оны алдап көшеге шығарып, соққыға жығып, одан бір миллион теңге талап еткен.

Екінші эпизод 2021 жылы болған. ММА спортшысы Арман Әлімовтың айтуынша, оны Хасанның «бандасы» ұрлап, аяусыз ұрып-соққан.

Бұл іс бойынша Қасымбаевпен бірге тағы бес ер адам сотталуда. Олардың бәрі сотта айыптаулардың қолдан жасалғанын айтты. Соған қарамастан, прокурор Хасанға 15 жыл, қалғандарға тоғыз жыл түрме сұрады.

Судья Айнагүл Тұқбаева «хуторлықтардың» лидері делінген Қасымбаевты 12 жылға колонияға қамау туралы үкім шығарды.

Талғар ауданындағы басқа да даулы қылмыстар

Биыл 6 қыркүйекте Талғарда ер адам бұрынғы азаматтық жұбайының бауырын атып өлтіріп, оның екі жасар қызын ұрлап кеткен болатын. Кейін полиция күдіктіні ұстап, баланы анасымен қауыштырды. 

Жуырда Алматы облысы Талғар ауданында 14 жастағы жасөспірім қаза тапты. Отбасының айтуынша, баланы жоғары сынып оқушылары қатыгездікпен ұрып-соққан. Қылмыстық іс қозғалды, алайда туыстары күдіктіге тағылған айыппен келіспейді. Бұл туралы Dalanews.kz Almaty.tv-ге сілтеме жасап мәлімдеді.

Талғар аудандық полициясы қылмыстық іс қозғады. Бір жасөспірім ұсталды. Туыстары істі неғұрлым қатаң түрде саралап, барлық қатысушыларды жауапқа тартуды талап етуде.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар