Астана Халықаралық форумы (AIF) жаһандық сын-қатерлер мен геосаяси шиеленістер жағдайында мемлекетаралық ынтымақтастықты дамыту және дипломатиялық диалогты нығайту миссиясын жалғастырып отыр. Форумды Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашады,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Ұйымдастырушылар 39 панельдік сессия өтеді деп жоспарлап отыр. Оның ішінде 10 эксклюзивті сессия жоғары дәрежелі қонақтармен және әлемдік көшбасшылардың жеке қатысуымен өтеді.
Форум бағдарламасы «Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік», «Энергетика және климаттың өзгеруі», «Экономика және қаржы» деп аталатын үш негізгі тақырыптан тұрады.
Сыртқы саясат және халықаралық қауіпсіздік саласындағы әлемдік сарапшылар болашақ туралы пакт, сондай-ақ көпполярлы әлемдегі «орта державалар» саясатын, сондай-ақ Таяу Шығыстағы жаңа тепе-теңдікке апаратын жолдарды талқылайды.
Айта кетейік, елші, Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы (2022-2025 жж.) Кристоф Хойсген, Элькано корольдік институтының директоры Чарльз Пауэлл, Женева қауіпсіздік саясаты орталығының (Gcsp) атқарушы директоры Томас Гремингер аталған тақырып бойынша форумға қатысатынын растады.
Энергетика және климаттың өзгеруі туралы панельдік сессияларда қатысушылар су және энергетикалық қауіпсіздікті, Орталық Азияның орнықты болашағын, климат саласындағы жаһандық іс-қимылдарды, инновациялық сын-тегеуріндерді талқылайды.
Бұл тақырыптар бойынша Power International Holding компаниялар тобының төрағасының орынбасары, президенті және бас атқарушы директоры Рамез Әл-Хайят, Жаңартылатын энергия көздері жөніндегі халықаралық агенттіктің (IRENA) бас директоры Франческо Ла Камера, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі Лорд Фрэнсис Моуд, СОР29 президенті Мұхтар Бабаев сөз сөйлейді.
«Экономика және қаржы» тақырыбы бойынша негізгі бағыттар: әлемдік сауданың болашағын анықтау, жасанды интеллект, жаһандық экономикалық қуатты қайта қарау, цифрлық активтер революциясы болады. Форумның қонақтары Berlin Global Dialogue негізін қалаушы және төрағасы Ларс-Хендрик Рёллер, Google компаниясының Орталық және Шығыс Еуропа жөніндегі вице-президенті Патрик Уорнкинг, Министр-шетелдегі француз азаматтарының сыртқы сауда және істер жөніндегі делегаты Лоран Сент-Мартен, Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Кириакос Какорис болады.
2025 жылғы Астана Халықаралық форумы - жаһандық диалог пен өзекті әлемдік проблемаларды талқылауға арналған негізгі алаң. Жоба жаһандық сын-қатерлерді бірлесіп шешу үшін елдерді біріктіре отырып,мультилатерализмнің жаңа дәуірін қалыптастыруға ықпал етеді. Іс-шара экономикаға,климатқа және мемлекет аралық қатынастарға бағытталған жаһандық өзгерістер жағдайында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Форум және оған қатысу мүмкіндіктері туралы толық ақпаратты мына сайттан табуға болады: https://www.astanainternationalforum.org/