– Бүгін «Stop Covid» акциясы өтіп жатыр. Ел болып коронавирус инфекциясына қарсы тұру үшін жақсы иммунитет болу керек. Оны қалыптастырудың бірден-бір жолы – вакцина. Осы орайда бізге қолдау білдіріп отырған 15 ЖОО бар. Бәріміз білетіндей, қыркүйек айында оқу оффлайн форматта басталады. Ал ЖОО талаптарына сәйкес студенттер оффлайн форматта оқуы үшін вакцина алуы қажет. Вакцина алу мен алмау адамның өз шешімі. Оған ешкімді міндеттемейді. Сондықтан вакцина алам деушілер үшін қаланың бірқатар сауда ойын-сауық орталығында, емханаларда т.б. жекелеген орындарда тегін түрде жүргізіліп жатыр, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Ақұлан Тастемір.
Елордада аталған акция апта соңына дейін жалғасады. Жалпы алғанда елордада 51 мыңға жуық студент бар. Бүгінгі акция бойынша түрлі ЖОО-дан 70-ке жуық студент келіп «Спутник-V» вакцинасын алды.
«Мен Қазақ технология және бизнес университетінің студентімін. Бүгін «Абу-Даби Плаза» ойын-сауық орталығына вакцина алуға келдім. Бұл менің өз шешімім. Еліміздің барлық студентін вакцина алуға шақырамын. Себебі карантинге дейінгі қалыпты өмірге оралуымыз қажет деп ойлаймын. Кинозалдар, ойын-сауық орталықтары мен театр сияқты орындар ыңғайлы қалыпқа келіп, бетпердесіз жүретін күндер туады деген сенемін», — деді ҚазТБУ университетінің 3-курс студенті Данияр Бекетов.
Айта кетейік, алдағы уақытта «Stop Covid» акциясы өзге қаладағы студенттерге эстафета ретінде жолданады.