Freedom Inside '26

Еліміздегі зейнеткерлердің орташа зейнетақысы белгілі болды

Еліміздегі зейнеткерлердің орташа зейнетақысы белгілі болды
gov.kz

2024 жылы қазақстандықтарға бюджеттен 3,7 трлн теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

2024 жылы республикалық бюджеттен 3 трлн 752,1 млрд теңге сомасына зейнетақы төленді, оның 1 трлн 182,3 млрд теңгесі базалық зейнетақы төлеуге, 2 трлн 569,8 млрд теңгесі ынтымақты зейнетақы төлеуге жұмсалды.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны – 2 млн 451 мың адам.

2024 жылғы желтоқсанда жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 356 теңгені құрады, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері – 88 819 теңге, базалық зейнетақы – 42 537 теңге.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2025 жылғы 1 қаңтарда базалық зейнетақы төлемінің мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 6,5%-ға, ынтымақты зейнетақы 8,5%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2% - ға оза отырып ұлғайтылды.

Бұдан басқа Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120%-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 65%-нан 70%-ға дейін ұлғайтылды, бұл 32 360 теңгені құрап, оның ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 105-тен 110%-ға дейін арттырылып, 50 851 теңгені құрайды.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.