Қазақстанда үш жастан асқан тұрғындардың жартысына жуығы спорт пен дене белсенділігіне тұрақты түрде уақыт бөледі. Бұл туралы 12 мың үй шаруашылығын қамтыған сауалнама қорытындысында айтылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұрғындардың басым бөлігі оқу орындарындағы дене шынықтыру сабақтарында спортпен шұғылданады немесе бос уақытында өз бетінше жаттығады. Ал фитнес-клубтар мен арнайы спорт секцияларына баратындардың үлесі өңірге қарай ерекшеленеді.
Өздігінен жаттығатындар арасында 36–48 жас аралығындағы азаматтар белсенділік танытқан. Бұл жастағы тұрғындар көбіне жүгіру, дене жаттығулары және басқа да қолжетімді спорт түрлерін таңдайды.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында өз бетінше спортпен айналысатын әйелдердің үлесі жоғары. Павлодар облысында ұйымдастырылған спорт секциялары мен фитнес-клубтарға сұраныс та айтарлықтай.
Ұлытау облысында спорт секцияларына көбіне жастар мен ер адамдар барады. Қарағанды облысы мен Астана тұрғындары фитнес-залдағы жаттығуларды өздігінен шұғылданумен қатар алып жүреді. Елорда өз бетінше жаттығатын әйелдер саны бойынша алдыңғы қатарда тұр.
Жалпы, Қазақстанда ерлер мен әйелдердің спорттық белсенділігі шамалас. Алайда тұрғылықты жеріне байланысты айырмашылық бар. Қалаларда әйелдер ерлерге қарағанда өздігінен жаттығуды жиі таңдаса, ауылдық жерлерде, керісінше, ер адамдардың белсенділігі жоғары.