Елімізде риелторлар қызметі қымбаттай ма? Депутат Құспеков жаңа заңды түсіндірді

Қаракөз Амантай 21 қар. 2025 09:50

Қазақстан Үкіметі риелторлар қызметін ретке келтіруді бастады. Енді тұрғын үйді сату-сатып алумен айналысатындар міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы жұмыс істеуі тиіс. Бұл шешім вице-премьер Серік Жұманғарин төрағалық еткен комиссия отырысында қабылданды. Аталған жаңашылдыққа байланысты Dalanews.kz редакциясы Мәжіліс депутаты Олжас Құспековтің пікірін сұрап білді. Ол заң жобасының негізгі мақсаты, жаңа талаптардың риелторлар жұмысына әсері және тұтынушыларды қорғау механизмдері туралы тарқатып айтты.

“Заң жобасының негізгі мақсаты - риелторлық қызметті жүйелеу және әр маман бірыңғай талаптар мен айқын жауапкершілік аясында жұмыс істейтін кәсіби орта қалыптастыру. Бұған дейін нарықтың реттелмеуі, біліктілікке қойылатын талаптардың және бақылау тетіктерінің болмауы көлеңкелі схемалардың, жалған хабарландырулардың, келісімшарттарды дұрыс толтырмау фактілерінің және азаматтар сенімінің төмендеуіне әкелген”, - дейді ол.

Оның сөзінше, жаңа модель риелторлар үшін міндетті өзін-өзі реттеу жүйесін енгізеді.

“Маман өзін-өзі реттейтін ұйымға (ӨРҰ) мүшелікке өтпейінше, оқытудан өтпейінше, біліктілігін растамайынша және ішкі стандарттарды сақтамайынша жұмыс істей алмайды”, - дейді ол.

Сонымен бірге депутат жаңа жүйеде емтихан, бірыңғай мамандар реестрі, кәсіби жауапкершілікті сақтандыру, типтік шарттар мен ішкі тәртіп механизмдері енгізілетінін атап өтті.

“Мұндай құрылым кездейсоқ адамдарды нарықтан шығарып, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді”, - дейді ол.

Реестрге тіркелу цифрлық форматта жүргізіледі

Депутат бірыңғай тізілімге тіркелу процесінің қолайлылығы туралы да түсіндірді.

“Бірыңғай реестрге тіркелу заманауи әрі қолайлы цифрлық рәсім ретінде құрылады. Риелтор ӨРҰ-ға мүшелікке өткеннен кейін, қажетті талаптарды — оқытуды, аттестаттауды және деректерді тексеруді аяқтаған соң, реестрге автоматты түрде енгізіледі”, – деді ол.

Айтуынша, реестр ашық болады, кез келген азамат риелтордың мәртебесін тексере алады.

Сондай-ақ Құспеков қазіргі жұмыс істеп жүрген риелторларға жеңілдетілген өтпелі кезең қарастырылғанын атап өтті.

“Реестрдің мақсаты – кедергілер жасау емес, нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету”, – деп қосты депутат.

Тіркелмеген риелторлардың қызметі заңсыз деп танылады

Депутат жаңа талаптарды бұзған жағдайда риелторларға қандай шара қолданылатынын да түсіндірді.

“Бірыңғай реестрден тыс жұмыс істеу заңсыз деп танылады. Тіркеуден өтпеген немесе ӨРҰ мүшесі болып табылмайтын маман мәмілелерге қатыса алмайды және кәсіби цифрлық платформаларға қол жеткізбейді”, – деді ол.

Сонымен қатар әкімшілік жауапкершілік немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы да қарастырылған.

ӨРҰ ішіндегі тәртіп бұзушылықтар үшін де жауапкершілік бар.

“Этикалық кодексті, стандарттарды немесе тұтынушы құқығын бұзу фактілері арнайы тәртіптік органда қаралады. Санкциялар ескерту жасаудан бастап ӨРҰ-дан шығару шарасына дейін жетеді. ӨРҰ-дан шығару - кәсіби қызметті жалғастыру мүмкіндігінен айырумен тең, өйткені ӨРҰ мүшелігі міндетті шарт”, – деді ол.

Баға мен сапа қалай өзгереді?

Тұрғын үй нарығындағы баға мен сапаға қатысты сұраққа жауап берген Құспеков оң өзгерістер күтетініне сенім білдірді. Айтуынша, жаңа заң нарықта сапаны арттырып, көлеңкелі схемаларды азайтады.

“Бірыңғай стандарттар, міндетті оқыту, емтихан және жауапкершілікті сақтандыру енгізілуі қызметтің жаңа сапалық деңгейін қалыптастырады. Клиенттер “келісім бойынша” емес, нақты бекітілген қағидалар мен типтік шарттарға сай қызмет алады. Риелторлар құжаттарды тексеру рәсімдерін қатаң сақтауға, ашық жұмыс істеуге және қателіктері үшін қаржылай жауапкершілік көтеруге міндетті болады", – деді ол.

Ол бастапқыда бағада шамалы өсім болуы мүмкін екенін де ескертті.

“Бастапқы кезеңде оқыту, сақтандыру және ӨРҰ мүшелігіне байланысты аздап қымбаттауы мүмкін. Алайда уақыт өте нарық тұрақтанады, “көлеңкелі схеманың” едәуір бөлігі жойылады, ал кәсіби мамандар арасындағы бәсеке қызмет сапасына негізделеді. Нәтижесінде сала мамандары үшін де, азаматтар үшін де қауіпсіз әрі болжамды болады”, – деді депутат.

Өтемақы қоры тұтынушылар құқығын қорғайды

Депутат өтемақы қорының тиімді екенін атап өтті.

“Компенсациялық қор - тұтынушыларды қорғаудың маңызды тетігі. Ол ӨРҰ мүшелерінің міндетті жарналары есебінен қалыптасады және риелторкәсіби қателік жіберген немесе өз міндетін орындамаған жағдайларда клиентке туындаған шығынды жедел өтейтін жүйе саналады.”, – деді ол.

Сөзінше, бұл механизм нарықтағы әділетсіздікті азайтып, азаматтардың сенімін арттырады.

“Компенсациялық қор риелторларды стандарттарды сақтауға ынталандырады және адал емес әрекеттердің алдын алады. Даулы мәселелерді тез әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді, демек нарықтағы жанжалдарды азайтып, азаматтардың сенімін арттырады. Клиенттер үшін бұл - құқықтары бұзылған жағдайда бірінші рет нақты қаржылық кепілдік алатынын білдіреді”, – деді депутат.

Бұған дейін

Еске салсақ, күні кеше Үкімет риелторлардың қызметін өзін-өзі реттейтін ұйымдар арқылы жүргізу туралы шешім қабылдаған еді. Бұдан былай жылжымайтын мүлікпен айналысатындар бірыңғай тізілімге тіркеліп, типтік келісімшарттарды қолдануға және этикалық кодексті сақтауға міндеттеледі. Тұтынушыларды қорғау үшін өтемақы қоры құрылып, салаға бақылауды Индустрия және құрылыс министрлігі жүзеге асырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар