Елімізде күнбағыс майы тағы қымбаттауы мүмкін

Қаракөз Амантай 24 қыр. 2025 17:24

Қазақстанда күнбағыс майы тағы қымбаттауы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.

23 қыркүйекте Мәжіліс отырысында депутаттар тағы да күнбағыс дәнін экспортқа шығарудағы кедендік бажды алып тастау бастамасын көтерді.

Алайда мұндай қадам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары – күнбағыс майының бағасын күрт қымбаттататынын түсініп отыр ма? Жақсы ниетпен жасалғанымен, ойланбай қабылданған шешім қарапайым қазақстандықтардың қалтасына ауыр салмақ салмақ. Мұның салдары туралы Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығы (ҰМҚҚ) түсіндіріп берді.

Әлемде май қымбаттап жатыр, бірақ Қазақстанда баға тұрақты

ФАО деректеріне сәйкес, соңғы екі маусымда (2023 қыркүйек – 2025 тамыз) өсімдік майларының әлемдік бағасы 40%-ға өскен. Еуропада күнбағыс майының құны 44%-ға көтерілген. Ал Қазақстанда 2023 жылдан бері май зауыттарынан шығатын көтерме баға литріне 730 теңгеден аспай тұр (жеткізу құнын қоспағанда).

ҰМҚҚ мүшелері ішкі нарықтағы баға тұрақтылығына жауапкершілік алып, Сауда және интеграция министрлігімен, Ауыл шаруашылығы министрлігімен меморандумға қол қойып, үш жыл қатарынан бағаны ұстап тұр.

“Биыл тамызда қауымдастық инфляциялық қысым қаупіне жедел әрекет етіп, бүкіл ел бойынша литрін 745 теңгеден (жеткізумен қоса) 7 млн литр тазартылған күнбағыс майын жеткізді. Ал Мәжіліс депутаттары қолдаудың орнына, бағаларды қымбаттатып, халыққа ауыртпалық әкелетін бастамалар ұсынып отыр. Бұл шешім майдың литрін 1200 теңгеге дейін қымбаттатып, ішкі нарықта тапшылық туғызуы мүмкін”, – дейді ҰМҚҚ.

Біз не жоғалтуымыз мүмкін?

Май-тоқыма саласы – Қазақстан экономикасындағы ең қарқынды дамып жатқан бағыттардың бірі. 2024/25 маркетингтік жыл қорытындысы бойынша елімізде 740 мың тоннадан астам күнбағыс майы өндірілді. Бұл – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы рекорд.

2026–2027 жылдарға 61,6 млрд теңгенің инвестициялық жобалары жоспарланған, бұл тұрақты жұмыс орындарын ашып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. 2025 жылдың соңына дейін Семей мен ШҚО-да екі ірі май өңдеу жобасы іске қосылады. Жаңа қуаттылық жылына 231 мың тонна май өңдеуге жетеді.

Осының арқасында:

  • май өндірісі мен қайта өңдеу тереңдігі артады;
  • шетелдік инвестициялар Қазақстанға тартылып жатыр;
  • жаңа жұмыс орындары ашылады;
  • импортқа тәуелділік азаяды;
  • инфляцияны тежеуге үлес қосылады;
  • дайын өнім экспорты арқылы шетел валютасы түседі;
  • құс және мал шаруашылығы, құрама жем, кондитер және тамақ өнеркәсібі қатар дамиды.

Бұл көрсеткіштердің барлығы Президент қойған міндеттермен үндес: агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңдеу үлесін 70%-ға жеткізу, экспортты арттыру, инфляцияға қарсы күресу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

2024 жылы агроөнеркәсіп экспорты 5,1 млрд долларды құрап, оның 52%-ы қайта өңделген өнім үлесіне тиді. Май-тоқыма секторы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортының төрттен бірін беріп, стратегиялық маңызды сала екенін дәлелдеді. Қазақстан күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемдік ТОП-10-ға еніп, 2023–2024 жылдары 8-орынға шықты. Сондай-ақ еліміз күнбағыс күнжарасын ЕО-ға экспорттайтын үш ірі жеткізушінің қатарына кірді және Орталық Азиядағы сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр.

Көршілердің тәжірибесі не дейді?

ҰМҚҚ депутаттарға көршілес елдердің тәжірибесін зерттеуді ұсынды. Мысалы, Ресейде майлы дақылдардың барлығына дерлік экспорттық баж салынады: күнбағыс дәніне – 50% (тоннасына кемінде 330 еуро), рапсқа – 30% (кемінде 165 еуро), сояға – 20% (кемінде 100 еуро), зығыр дәніне – 10%.

Өзбекстанда 2020 жылдан бастап мақта шикізатын сыртқа шығаруға тыйым салынған. Бұл шешім ішкі нарықты мақта майымен қамтамасыз етуге, тоқыма кластерін дамытуға және қайта өңделген өнім экспортын арттыруға бағытталған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар