Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бірыңғай уақыт белдеуіне байланысты жұмыс уақытының өзгеруі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистер еліміздің бірқатар өңірінде уақыт белдеуінің ауысуына байланысты әлеуметтік желіде жұмыс уақытын бір сағатқа ерте бастауға қатысты ұсыныстар түсіп жатқанын, бұған Еңбек министрлігінің жоспары қандай екенін сұрады.
"Бізге көп хат келіп жатыр, олардың бәріне жауап береміз. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасында келісімшарт бар, жұмыс кестесін екі жақ бірге жасайды. Сондықтан қараңғыда жұмыс істемеуі үшін, жұмыс берушімен келісіп, жұмыс кестесін қайта қарай алады. Негізі бұл күрделі сұрақ емес.
Ұсыныс бердік, яғни жұмыс бір сағатқа ерте басталуы мүмкін. Негізі келісімшарт екіжақты жасалады. Ол Еңбек кодексінде жазылған, заңға сәйкес", - деді деп жауап берді Светлана Жақыпова.
Бұған дейін елімізде бұрынғы сағат белдеуін қайтару туралы петиция 50 мың қол жинағаны белгілі болған еді. Бұл мәселені Сауда және интеграция министрлігі қарауы қажет.
Еске салайық, 2024 жылы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Үкіметтің "Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы" Қаулысына сәйкес елдің бүкіл аумағы бірыңғай сағаттық белдеуге көшті. Содан бері Қазақстанның 16 облысы 5 сағаттық "UTC+5" белдеуінде орналасты. Алайда бұдан кейін сағат тілін кері жылжыту туралы петиция пайда болды.
Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин петиция 50 мың дауыс жинағанда қандай шешім қабылданатыны туралы сауалға жауап берген еді.
"Петиция 50 мың дауыс жинаса, біз арнайы жұмыс тобын құрып, белгіленген тәртіпте мемлекеттік органдар мен сарапшыларды тарта отырып, оны қарайтын боламыз. Мен қазір алдын ала ештеңе айта алмаймын. Оның 50 мың дауыс жинағанын күтейік", - деді ол.