Қазақстанда 5,1 миллионнан астам азамат өз атына несие рәсімдеуге ерікті түрде шектеу қойған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Nege.Aqsha мәліметінше, "Стоп-кредит" қызметі кейінгі уақытта қаржылық алаяқтықтан қорғанудың тиімді тетіктерінің біріне айналып, тұрғындарға өз қаржысын бөгде адамдардың заңсыз әрекетінен алдын ала сақтауға мүмкіндік беріп отыр.
Бұл қызметті пайдалану үшін кез келген азамат egov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Ол үшін "Салықтар және қаржы" бөліміне кіріп, тиісті қызметті таңдап, сұранысты растау жеткілікті. Осыдан кейін адамның кредиттік тарихында арнайы белгі қойылады. Мұндай белгі банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін көрініп тұрады және олар несие рәсімдеу кезінде оны міндетті түрде ескереді.
Егер қойылған шектеуге қарамастан азаматтың атына заңсыз несие рәсімделсе, ондай қарыз күшін жояды. Сонымен қатар бұл тыйымды кез келген уақытта алып тастауға болады. Дегенмен шектеу барлық ұйымға бірдей жүре бермейді. Мәселен, кредиттік бюролармен жұмыс істемейтін кейбір ұйымдарға, соның ішінде ломбардтарға бұл талап қолданылмайды.
