Қазақстанда ауыр салмақты жүк көліктеріне жүргізілген тексерулер барысында көлік заңнамасын бұзудың 281 фактісі анықталды. Оның ішінде 116 жағдайда көліктердің рұқсат етілген жүктемеден артық жүк тасымалдағаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 10 шілде мен 10 тамыз аралығында республика бойынша «Назар аударыңыз! Ауыр салмақты көлік!» атты профилактикалық акция өтіп жатыр. Оның мақсаты – ірі габаритті және ауыр жүктерді тасымалдауды бақылауды күшейту әрі автомобиль жолдарын сақтап қалу.
Рейд барысында 500-ден астам ауыр жүк көлігі тексерілген.
Сонымен қатар елімізде ауа температурасы +25 градустан жоғары болған кезде ауыр жүк көліктерінің қозғалысына енгізілетін маусымдық шектеулер күшінде қалып отыр. Бұл шара жол жабынының бүлінуіне жол бермеу үшін қабылданған.
Алайда шектеулер халықаралық және жолаушылар тасымалына, тез бұзылатын, қауіпті және гуманитарлық жүктерді тасымалдайтын көліктерге, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға, жол жөндеу жұмыстарына және әскери тасымалдарға қолданылмайды.
Министрлік мәліметінше, салмақ нормалары мен маусымдық талаптардың сақталуын аумақтық көліктік бақылау органдары қадағалайды. Маусымдық шектеулерді бұзған 302 жүк көлігінің қозғалысына шектеу қойылып, тасымалдаушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.