[caption id="attachment_8500" align="alignleft" width="367"] Темур Ешмұратов[/caption]
Жалпы трансплантацияның қай түрі болмасын Қазақстанда енді-енді дамып келе жатқанын ескеру керек. 1979 жылдан бері ағза трансплантациясымен айналысатын Сызғанов орталығы осы күнге дейін бүйрек, бауыр, жүрек ауыстыру оталарын сәтті жүргізген еді. Ал осы жолғы сынақтың жүгі бұрынғылардан ауыр болмаса, жеңіл емес.
«Себебі, өкпе жетіспеушілігі пайда болған жағдайда бұл адам ағзасына тұтастай әсер етеді. Яғни, өкпе жетіспеушілігі туындаса барлық ағза мүшелерінің жұмысы бұзылады. Иә, өкпе ауруларының өзін бірнеше түрге жіктейді. Бұлардың арасында құрт ауруы, қатерлі ісік алдыңғы кезекте айтылады. Сосын өкпенің тыныс алу жетіспеушілігіне алып келетін аурулар бар. Солар туралы айтайын. Бұлардың арасында дәрі-дәрмектің көмегімен емге көнетіндері бар. Алайда адам организмі дәрі-дәрмектен бөлек жұмыс істеуі керек. Ал бұл мүмкін болмаса хирургиялық емді қажет ететін жағдай туындайды», – дейді орталықтың бас дәрігері Темур Ешмұратов.
Алайда хирургиялық көмектің де мүмкіндігі шектеулі екен. Өкпенің ауырған аймағын алып тастау арқылы адам денсаулығын қалпына келтіруге болады. Әйткенмен дәрігерлер өкпені толық алып тастауға тура келетін жағдаймен жиі ұшырасады. Мұндайда адамға жаңа өкпе салу керек. Міне, өкпе трансплантациясы дәл осы кезде қажет.
Елімізде аталған операцияны жүргізуге соңғы үш жылда ерекше дайындық жүрді. Атап айтсақ, Сызғанов орталығының дәрігерлері Голландияның Грюнинген қаласында өкпе трансплантациясына арналған оқу-тәжірибеден өтіп келіпті. 20 жыл бойы өкпе трансплантациясымен айналысатын Грюнинген клиникасы өткен жылы 39 өкпе алмастыру операциясын жүргізсе, соның 37-сі сәтті аяқталған екен. Ал қазақ дәрігерлері тәжірибеден өтіп елге оралғасын, орталық өкпе трансплантациясына қажетті медициналық құрылғылар сатып алған. Темур Ешмұратовтың айтуынша, бұл құрылғылардың ерекшелігі сол, донордан алынған өкпе толықтай тазартылып, демалу мүмкіндігі қалпына келеді.
Мамандар пікірінше, өкпе ғана емес жүрек, бауыр, бүйрек трансплантациясына мұхтаж науқастардың көпшілігі елімізде дәл осындай ауыр оталар жасалатынын білмейді. Ең бастысы мұның барлығы тегін, мемлекет есебінен жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда 1 млн. адамның арасында 8-10 адам өкпе трансплантациясына мұхтаж. Ал қазақ халқының саны 17 млн. адам. Бұл дегеніңіз елімізде 170 адам өкпе трансплантациясын қажет етеді деген сөз.
Өкпе жетіспеушілігіне не себеп болады?
[caption id="attachment_8501" align="alignright" width="354"] Есенай Еспенбетов[/caption]
Аталған орталықтың кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі, анастезиолог-реанимотолог Есенай Еспенбетовтың айтуынша, өкпе ауруларының туабітті түрлері бар. Ал мұндайда адам ауруын асқындырып алмаудың жолын іздеуі қажет. Ең біріншіден тымаудан және басқа да вирустық инфекциялардан сақтанып жүргені жөн. Ауа-райы тез өзгеретін елді-мекендер өкпенің туабітті жетіспеушілігіне шалдыққан адамға ауыр соғады. Сосын әрдайым жылы киініп жүруі қажет. Өкпе жетіспеушілігіне алып келетін тағы бір себептің бірі - шылым. «Темекінің адам ағзасын улайтыны туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Алайда оның нәтижесі қандай? Адамдарға темекінің зияны туралы анық ақпарат жетіп жатыр ма, мәселе сонда. Шылым зиянын медициналық тұрғыдан ақиқатын ашып көрсету қажет. Темекінің кесірінен науқастарда созылмалы бронхит пайда болады. Ол түптің-түбінде өкпенің жетіспеушілігіне алып келеді» дейді орталық мамандары.
Білгеніміздей өкпе жетіспеушілігі туралы айтқанда науқастың өзін кінәлау болмаса аурудың шығу себебін темекіге арта салу орынсыз. Себебі, бұл тараптағы өкпе ауруларының этиологиясы әлі күнге дейін анықталмаған екен.
Күту парағына қалай тұрады?
Өкпе трансплантациясына мұхтаж азаматтардың барлығы үнемі дәрігерлерге қаранып, олардың бақылауында жүреді. Ал Сызғанов орталығында өпке алмас тыруға қатысты тізімге тұрудың өзіндік талаптары бар. Науқастар тыныс жетіспеушілігі дәрежесіне және өкпенің органикалық әрі функционалдық құрылымына байланысты іріктелініп алынады.
- Ілгеріде айтқандай өкпе жетіспеушілігі жүрек жетіспеушілігіне, бүйрек пен бауыр жұмысының бұзылуына, былайша айтқанда бір ауруды бірі қоздырып, адам ағзасының әлсіреуіне алып келеді. Ал күту парағына ұзақ уақыт өкпе жетіспеушілігінің зардабын тартқан, тіпті дәрі-дәрмектің өзі көмегін тигізе алмайтын жағдайға жеткен науқастар тұрады. Мұны өкпе жетіспеушілінің терминалдық сатысы дейді. Ал мұндай сатыға жеткен науқастардың әрі кетсе алты айлық ғұмыры қалды деген сөз... Олар (науқастар, автор.) оттегісіз жүре алмайды, ауруы асқынған жағдайда тіпті оттегінің көмегі де жетпей қалуы мүмкін. Мұндай науқас өзімен бірге әрдайым оттегі құтысын тасып жүруі керек. Оттегінің ауадағы үлесі 21 пайыз. Бұл 21 пайыз дені-қарны сау адамға жеткілікті. Ал өкпе жетіспеушілігі бар науқасқа жеткіліксіз. Сол себепті оның үлесін көбейту қажет. Бұл мақсатта оттегін арнайы құрылғылар арқылы үлкен қысыммен кішкентай құтыға жинастырады. Мұндағы оттегінің үлесі 100 пайыз. Себебі, қалыпты жағдайда 21 пайыздық үлес науқастың ағзасын ауамен қамтамасыз ете алмайды. Өкпенің оттегімен қамтамасыз ету қызметі бұзылған кезде мұның өзі көмектеспейді. Ал донорлық өкпені салған кезде науқас екінші рет өмірге келеді. Науқастың туған-туыстары «өкпе трансплантациясын жүргізгеннен кейін адам әрі қарай қалыпты өмір сүріп кете ме, бұған қандай кепілдік беріледі?» деп жиі сұрайды. Бұл бірінші кезекте адамның өзін-өзі күтуіне, әрі қарайғы өмір сүру салтына байланысты. Себебі біз өз тарапымыздан қателік жібермеуге тырысамыз. Нақтырақ айтсақ донорлық өкпенің науқасқа барлық көрсеткіштер бойынша сай келуін қарастырамыз, - дейді Есенай Еспенбетов.
Өкпе трансплантациясының талабы қиын
[caption id="attachment_8502" align="alignleft" width="429"] ТМД аумағында аталған операция бұған дейін тек Ресейде ғана жасалынатын.[/caption]
Мұндағы мамандардың пікірінше, өкпе өте талғампаз ағза. Сондықтан донордың өкпесін орталыққа алып келгеннен кейін оны сол түрінде, сол күйінде науқасқа сала салуға болмайды. Оның үстіне үшінші дәрежелі комаға (терең ұйқы) түскендер ауыр жағдайда қайтыс болады. Олардың көпшілігі көлік апатына ұшыраған, миына қан құйылған азаматтар. Терең ұйқының өзі дәрежесіне қарай үшке бөлінетінін ағза трансплантациясына қатысты бұдан бұрынғы мақалада егжей -тегжейлі айтқанбыз. Мұның бастапқы екеуіне түскендерді аман алып қалуға болады. Үшінші дәрежелі кома – ажал. Мұндайға ұшыраған жанның өмірін сақтап қалу мүмкін емес және бүгінгі дейін медицина тарихында мұншалықты терең ұйқыдан оянған жағдай тіркелмеген.
- Донорлық өкпе туралы айтқанда біз сау адамның өкпесін алмайтынымызды ескеру керек. Ал үшінші дәрежелі кома негізінен ауыр апат, айталық көлік апатымен байланысты болғандықтан мұның бәрі өкпенің жұмысына әсер етеді. Донорлық өкпе алынғаннан кейін біз оны шетелден сатып алған қымбатты құрылғыларға қосып жуып, тазалаймыз. Сайып келгенде, донор пайда болғаннан күннің өзінде өкпені ала салып, оған мұхтаж адамға сала салуға болмайды. Өкпені тазалау жұмыстары жүргізілгеннен кейін оның науқастың ағзасына қаншалықты сай келерін тексеріп, сараптамадан өткіземіз. Алайда мұның барлығын жылдам жүргізген жөн. Өкпені 4 сағаттың салып үлгеру қажет. Әр ағзаның резервтік уақыты болады. Әйтпеген жағдайда ол өзінің функционалдық қызметін жоғалтып алуы мүмкін, - дейді Темур Ешмұратов.
Айта кетелік ТМД аумағында аталған операция бұған дейін тек Ресейде ғана жасалынатын. Енді бұған Қазақстанда қосылғалы отыр. Ал Сызғанов атындағы хирургиялық орталықтың дәрігерлері: «Иә, бұл ауыр ота. Алайда өзімізге сенімдіміз. Сенімді болмасақ бұл операцияны бастамас та едік. Әрине, қобалжу бар. Себебі, жауапкершілік ауыр. Бірақ, егер біз мұны білмей, көрмей істер болсақ әңгіме басқа еді. Осы мақсатта екі-үш ай бойы оқып, голландтық мамандардың жетекшілігімен өкпе трансплантациясына да қатыстық. Трансплантацияға қажетті құрылғымен қалай жұмыс істеу керектігін үйрендік. Бұл Қазақстанның медицина тарихындағы елеулі оқиға болары сөзсіз», - дейді.
Думан БЫҚАЙ