Маңғыстау облысында қылмыстық топ әшкере болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
19 қаңтарда криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде Жаңаөзен қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді.
"Ұсталғандар таяу шет елдердің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Олар өз қызметтері үшін ақшалай сыйақы алып отырған. Тінту барысында күдіктілерден 500-ден аса сенімхат, шетелдік төлқұжаттар, жалған құжаттар, байланыс құралдары тәркіленді", - деді ІІМ өкілі.
Ұйымдастырушыларға қатысты Қылмыстық кодекстің "Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
