Елдегі кен орындарының саны 10 мыңға жуықтады

Елдегі кен орындарының саны 10 мыңға жуықтады
Фото: ЖИ

Қазақстанда геологиялық зерттеу жүйесін жаңғырту жұмыстары нәтижесін бере бастады. Соңғы екі жылда ел аумағынан 54 жаңа кен орны табылып, мемлекеттік есепке алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

2025 жылы 1:50 000 масштабтағы 20 геологиялық түсірілім жобасы дайындалып, оларды іске асыру 2026 жылы басталды. Зерттеу жұмыстары алтын, мыс, полиметалл, литий және сирек жер металдарының қоры болуы ықтимал 100 мың шаршы шақырым аумақты қамтиды.

Үкімет мәліметінше, 2024–2025 жылдары жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары алтын, күміс, мыс, хром, темір мен фосфорит ресурстарын, сондай-ақ жерасты суы қорларын ұлғайтуға мүмкіндік берген. Қазір мемлекеттік есепте пайдалы қазбалардың әртүрлі түріне жататын 10 мыңға жуық кен орны бар.

Сонымен қатар елімізде сирек жер металдарының 935,4 мың тонна көлеміндегі болжамды ресурсы анықталған. Зерттеу жұмыстары 11 учаскеде аяқталды. Солардың ішінде Қарағанды облысындағы Құйректыкөл учаскесі аса перспективалы саналады. Бұл аумақтан заманауи жоғары технологиялық өндірістерде кеңінен қолданылатын сирек жер металдары табылған.

Геология саласын цифрландыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 4,8 миллионнан астам геологиялық ақпарат бірлігі электронды форматқа көшірілген. Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасына 66,1 мың геологиялық есеп пен зерттелген аумақтарды көрсететін 109,5 мың контур енгізілді.