Германияда зорлық-зомбылықпен қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Оның айтуынша, Германияның құқық қорғау органдары бұл факті бойынша кісі өлтіру бабымен іс қозғаған. Тергеу барысында марқұмның енесі – 49 жастағы Наталья Донцова басты күдікті ретінде танылып отыр. Дармштадт қаласының соты оны қамауға алу туралы ордер шығарған, алайда қазіргі уақытта оның қайда екені белгісіз. Осыған байланысты Донцоваға халықаралық іздеу жарияланған.
"Тергеу жалғасып жатыр. Германия тарапы қылмыстық істің материалдарын марқұмның туыстары мен адвокатына тапсырды. Тергеу мүддесінде сай және таратуға болмайтын мәліметтердің тарап кетуіне жол бермеу мақсатында неміс тарапы бұл іске қатысты егжей-тегжейлі мәліметтерді жария етпей отыр", - деді Айбек Смадияров БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Еске салайық, 2023 жылдың маусым айында Германияның Бенсхайм қаласының шетінде 40 жастағы Айгүл Сайлыбаеваның зорлық-зомбылық белгілері бар мәйіті табылған еді. БАҚ мәліметтеріне сәйкес, оның денесінде пышақ жарақаттары болған. Сол күні Айгүл Сайлыбаевамен бірге оның енесі Наталья Донцова да жоғалып кеткен. Соңғы рет Донцова немересін балабақшадан алып, үйіне әкелген. Сол уақыттан бері Наталья Донцовадан еш хабар жоқ.
Айгүл Сайлыбаева – бұрын Астанада судья болып қызмет еткен, Шеффилд университетінде білім алған. Соңғы жылдары отбасымен бірге Германияда тұрған.