Экс-министр Тұрғымбаев ұсталды - БАҚ

Көркем Алдабергенова 29 сәу. 2024 22:50 7445

Бірнеше телеграм арна Ішкі істер министрлігін басқарған Ерлан Тұрғымбаев ұсталғанын хабарлай бастады,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Nege.kz дереккөздердің хабарлауынша,мұндай шешімді арнайы прокурорлар Тұрғымбаевқа қатысты 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаға байланысты қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында шығарды. Қаңтардан кейін Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінің басшысы қызметінен кетіп, президенттің кеңесшісі болып, кейін Ташкентке барып, ШЫҰ РАТС басшысының кеңесшісі болған еді. 

Айта кетейік, 19 наурыздан бері БАҚ беттері мен телеграм арналар Ішкі істер министрін басқарған Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жарыса жаза бастаған болатын. Іс қаңтар оқиғасына қатысты екені айтылды. Ал 20 наурызда Бас прокуратура желіде тараған ақпараттарға қатысты түсінік берді.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігін басқарып отырған Ержан Сәденов Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық министрліктің құзырында емес екенін айтқан болатын. Осылайша Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны расталғандай болды.

«Бұл істі Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан жоқ.  Сондықтан қандай іс, қандай бап бойынша іс жүріп жатқанына пікір білдіре алмаймын», - деген еді Сәденов Мәжіліс кулуарында.

Бірақ артынша Бас прокуратура Ерлан Тұрғымбаевты және полиция органдарының басқа да басшыларын қылмыстық қудалау туралы түрлі телеграм-арналарда таратылған ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

Ведомство мәліметінше, 2022 жылдың басынан бастап Бас прокуратура қаңтар оқиғалары кезеңінде құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеуге, сондай-ақ азаматтарға азаптауды қолдануға байланысты күш органдарының қызметкерлеріне қатысты тергеп-тексерулерді әлі де жалғастырып жатыр. Оларды жасағаны үшін соттармен облыстық полиция және ұлттық қауіпсіздік органдарының бірқатар басшылары мен қызметкерлері сотталған.

Бас прокуратураның бүгінгі мәліметі бойынша, жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер барысында Ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевтан да жауап алынған. Осылайша Бас прокуратура Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпаратты теріске шығарғандай болды.

Тұрғымбаев және Қаңтар оқиғасы

Былтыр қаңтарда Бас прокурор Берік Асылов 20 мың террорист сол күйі табылмағанын айтқан болатын. Ал оның алдында 2022 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының бұрынғы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы болған Ерлан Тұрғымбаев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыға 20 мыңға жуық лаңкес келгенін хабарлаған еді.

Кейіннен Қаңтар оқиғасынан кейін жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған полковник Руслан Ысқақов  Ерлан Тұрғымбаев шынайы фактілерді бұрмалап, өз жауапкершілігінен жалтарып, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушы ретінде Арман Жұмагелдиевті көрсеткенін айтты.

«Бұл ойға қонымсыз және мүмкін емес нәрсе: ол Қазақстанға 2021 жылдың 17 желтоқсанында қызының денсаулық жағдайына байланысты ғана келсе, ол нені, қалай ұйымдастырып үлгереді? Одан бөлек, 2017-2021 жылдары Қазақстанға әр келгенін ІІМ-мен мақұлдап отыратын. Соңғы келгенін де Жұмагелдиев Тұрғымбаевпен мақұлдап, оған дәлел ретінде 2021 жылы 17 желтоқсанда сөйлескендерін көрсетуге болады», - деді полковник Руслан Ысқақов.

Одан бөлек, Ерлан Тұрғымбаев "Дикий Арманның" Қаңтарда Қазақстанға еркін кіруін қамтамасыз еткен деген ақпарат  тарады.  

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар