Екібастұзда энергетик мамандар даярлайтын орталық ашылды

Dalanews 31 жел. 2019 05:12 808

Екібастұзда отын-энергетика кешеніне кадр даярлайтын өңіраралық орталық ашылды. Оқу ордасының ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қатысты.

Оқу орталығының құрылысы 2009 жылы басталған болатын. Алайда, кешеннің жертөлелерін жерасты сулары басып қалып, мердігерге қатысты мәселе туындаған болатын. Осының салдарынан құрылыс тоқтап қалған-ды. Тек, соңғы бірнеше жылдың ішінде ғана жұмыс алға басты. Орталықтың құрылысын жандандыру үшін облыстық бюджеттен 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары толық аяқталды.



– Үкіметтің қолдауының нәтижесінде орталық құрылысын ойдағыдай аяқтадық, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов ашылу рәсімінде. – Бүгінде біздің өңірде кадр тапшылығы бар және бұл тек отын-энергетика кешеніне ғана қатысты емес. Болашақта бұл жерден білікті мамандар мен басшылар тәрбиеленіп шығады деген сенімдеміз.


Отын-энергетика кешеніне кадр даярлайтын өңіраралық орталық 13 корпустан тұрады. Мұнда 480 орындық жатақхана, 100 орындық қонақ үй, асхана, спорт зал, акт залы бар. Орталықтағы оқу процесі техникалық ағылшын тілінде де жүргізілетін болады. 200 жаңа жұмыс орны ашылады.

– Оқу орталығының мәртебесі тиісті лицензияны алғаннан кейін айқындалатын болады. Қазір осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Қарамбаев. – Сондай-ақ оқу орталығына оқытушылар құрамын таңдау бойынша да жұмыстар жүргізілуде.

Оқу орталығы жаңа жылдан бастап жұмысын бастайды.



 

Суретті түсірген Валерий Бугаев

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар