Freedom Inside '26

Эбола қаупі: қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды

Эбола қаупі: қазақстандықтарға маңызды ескерту жасалды
pixabay.com

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі азаматтарды жазғы демалыс бағытын таңдауда сақ болуға шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта Иранға және Африканың бірқатар мемлекеттеріне сапарлаудан бас тартқан жөн.

Оның сөзінше, бұл елдерде саяси жағдайдың тұрақсыз болуы мен эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі қауіпсіздік мәселесін өзекті етіп отыр.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ұйымдар мен бірқатар мемлекеттер Эбола безгегінің таралуына байланысты қосымша сақтық шараларын қабылдап жатыр.

Атап айтқанда, Үндістан билігі әуежайлардағы санитарлық бақылауды күшейтіп, азаматтарына Конго Демократиялық Республикасы, Уганда және Оңтүстік Суданға сапарламауға кеңес берген.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға баратын елдегі қауіпсіздік жағдайын алдын ала зерделеп, ресми ескертулерді ескеруге кеңес береді.

Сонымен қатар ведомство бұған дейін қазақстандықтарға Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қолайлы туристік бағыттарды қарастыруды ұсынған болатын.

Қазіргі таңда Таиланд, Вьетнам және Камбоджа өңірдегі қауіпсіз әрі сұранысқа ие туристік бағыттардың қатарында қалып отыр.

СІМ өкілдері шетелге шығатын азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, сондай-ақ сапар алдында ресми ақпарат көздеріндегі мәліметтермен танысуға шақырды.