Директор жұмыстан қуған мұғалім қызметіне қайта қабылданды

Dalanews 27 ақп. 2020 05:44 1059

Директор қызметтік тексеріс жүргізбеген, әрі қол астындағы маманнан түсініктеме алмаған.

Мектептегі былықты жайып салып, директордың қызметінен алынуына түрткі болған тараздық мұғалім жұмысқа қайта қабылданды. Жергілікті басшылардың мәліметінше, директор Күнсұлу Бөрімбекованы қызметінен босатарда қателіктерге жол берген, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасы.

Уалихан Байдуанов, Тараз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Бұл жерде ол кісіні жұмысқа қайта орналастыру туралы бұйрықтың күшін жоюға, яғни ол бұйрықты шығаратын кездегі тиісті негіз болатын құжаттардың жеткіліксіздігі себеп болып, комиссия ол кісіні қайтадан жұмысқа орналастыру жөнінде шешім қабылдады.

Атап айтқанда, директор қызметтік тексеріс жүргізбеген, әрі қол астындағы маманнан түсініктеме алмаған. Осы екі жағдай Бөрімбекованы кері қайтаруға негіз болыпты.

Шу шыққан білім ошағында қазір жан-жақты тексеріс жүріп жатыр. Себебі, бірнеше мұғалім мектептегі жемқорлық сипатындағы былықтарды жайып салған. Қазір осыған қатысты әр ұстаздан сауалнама алынуда.


Мамандардың уәжі расталса, бұл іспен құзырлы орындар айналысады.

Еске салсақ, Тараздағы №43 мектептің мұғалімі өзінің жұмыстан негізсіз шығарылғанын айтып, бейнеүндеу жолдаған болатын. Бұдан кейін журналистер осы білім ордасына жеткенде басқа мұғалімдер де айылын жиып қалмай, мектепті директоры қалай базарға айналдырғанын айтып берген. Күнсұлу Бөрімбекованың шағымы Білім және ғылым министрінің құлағына жетті. Асхат Аймағамбетов комиссия жұмысы аяқталғанша директор Эльмира Өмірбекованы уақытша қызметінен шеттетуге бұйрық берген-ді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар