"Дикий Арманның адамы": Алматы облысының тұрғыны араша сұрады

Көркем Алдабергенова 09 қыр. 2024 15:41 4327

Алматы облысының тұрғыны Райхан Аязбаева халықаралық іздеуде жүрген қылмыскер "Чина Албан" - Шыңғыс Мұқашевтан ұлын арашалап беруді сұрады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Кейбір деректер бойынша, Чина Албан - Дикий Арманның қылмыстық тобындағы адам. 

"Менің ұлым Бақытжан Мұхамеджаннан Чина Албан екі жылдан бері ақша бопсалап жүр. Жақында "Чинаның" тобындағы төрт адам ұлымды кездесуге алдап шақырып, тауға апарып, ұрып-соғып, намысына тиетін видеолар түсірген. Ол видеоларды әлеуметтік желіге жүктеймін деп ақша бопсалады. Баламның абыройы төгілмесін деп, қорыққанымыздан "Чинаға" апта сайын 200 мыңнан 1 миллионға дейін бердік. Қазіргі таңда үйімізді сатып, далада қалдық", - дейді Райхан Аязбаева.

Соның өзінде Шыңғыс Мұқашев Түркияда жүріп қорқытуын тоқтатпаған.

"Ақша жібермейміз десек барлық видеоны әлеуметтік желіде парақша ашып, Тикток-қа салған. Алматы облысы ішкі істер департаментінің полиция майоры Мақсат Ихсанов мырзаның көмегіне жүгіндік. Ол ұлымды тауға апарып, қинаған қылмыскерлерді ұстауға көмектесті. Видеолар әлеуметтік желіге салынғаннан кейін ұлым "анам көрмесінші, видеоларды өшіріп тастауға көмектесіңізші" деп Мақсат Ихсановтан көмек сұрайды. Ол Мұқашевқа хабарласып, видеоларды желіден алып тастауын сұрайды.

Ал Мұқашев телефон әңгімесін видеоға түсіріп, Ихсанов қылмыскердің сөзін сөйлеп отыр деп жала жауып, желіге салып жіберген. Сонымен қатар, ұлыма төрт қылмыскерді босат деп қысым көрсетіп жатыр. Мұқашевтің кесірінен Ихсанов Мақсат мырза жұмысынан айырылу үстінде. Біз шарасыз күйдеміз", - дейді Райхан Аязбаева.

Ол президент пен ішкі істер министрінен жанайқайына назар аударуды сұрады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар