Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровқа айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюк айтты.
Оның сөзінше, Дуровтың Көлсайға түсуіне байланысты іс материалдары экология министрлігіне жіберілген. Себебі Көлсай - қорғалатын аймақ, ал онда суға түсуге тыйым салынған.
Енді министрлі қылмыс құрамы бар-жоғын тексеретін болады. Қылмыс құрамы анықталған жағдайда 10 АЕК (39 мың теңгеге дейін) айыппұл салынуы мүмкін. Іс материалдары БАҚ-та жарияланған ақпараттар негізінде жиналған.
Еске салайық,алдымен желідегі қызу талқыланып жатқан видеоға қатысты "Көлсай көлдері" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әкімшілігі мәлімдеме жасады:
"Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде "ВКонтакте" және Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуровтың Алматы облысындағы "Көлсай көлдері" ұлттық табиғи паркінде мұздай суда шомылған сәті түсірілген видео тарауда. Осыған байланысты біз Көлсай көлдерінде шомылу туристік маршруттың төлқұжатына сәйкес қатаң түрде тыйым салынатынын ескертеміз. Аталған жағдайға байланысты парк басшылығы қызметтік тексеріс бастады. Оның қорытындысы бойынша тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген жауапты қызметкерлерге тәртіптік шаралар қолданылады".
Кейіннен ТАСС агенттігінің ресми сауалына да жауап берген мекеме заңды бұзған Павел Дуровтың өзіне айыппұл салынбайтынын нақтылап, оны былай түсіндірген:
"Біз оны оқиға орнынан ұстап алған да, көрген де жоқпыз. Оны қалай сырттай жазалаймыз? Оның үстіне ол Қазақстан азаматы емес...".
Ал танымал кәсіпкерді Көлсайға шомылуына рұқсат берген саябақ қызметкерлеріне қандай тәртіптік шаралар қолданылатыны белгісіз. Бір белгілісі, шынымен де мұндағы көлге суға түсуге тыйым салынып, оны бұзғандарға айыппұл қарастырылатыны. Ал айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды, яғни 39 320 теңге.