2007 жылдың қыс күндерінің бірі. Вашингтондағы бір метрода ер адам скрипкамен Иоганн Себастьян Бахтың алты бірдей күйін табаны күректей қырық бес минут түрегеп тұрып орындайды. Алдында ашылып скрипкасының қабы жатады. Оның бұл тұрысы көшелерде тұрып, ақша табатын өнерпаздан аумайтын еді. Бірақ, бұл адам әлемге әйгілі, дүниедегі ең мықты скрипкашы Джошуа Белл еді! Оның орындап тұрғаны ең күрделі күйлер, қолынадағы скрипкасы үш миллион бес жүз мың доллар тұратын!
Ол күй тартқан қырық бес минутта шамамен екі мыңдай адам осы бекеттен өткен. Үш минуттай өткенде, музыкадан хабары бар сияқты көрінген бір ер кісі аяқ алысын бәсеңдетіп, тіпті бірнеше секунд тоқтап тұрып тыңдайды да, ары қарай асығыс сапарына жүре жөнеледі. Мөлшермен төрт минуттан соң, скрипкашы «тұңғыш табысына» ие болады. Әйел бір доллар тастап, аялдамастан алға тартады. Сосын алты минут шамасында бір жас жігіт қабырғаға сүйеніп тұрып, оның музыкасын беріліп тыңдайды. Бірақ, көп өтпей сағатына қарайды да, асығыс-үсігіс жүре жөнеледі. Он минут өткен соң, үш-төрт жастағы ұл бала оның жанына тоқтап, күйін тыңдағысы келеді. Баланың шешесі оны сүйрелеген беті алға жылжиды. Бала тағы да тоқтай қалып, скрипкашыға қарайды. Шешесі оны қолынан сүйреп, аялдатпай алып кетеді. Бала қайта-қайта артына бұрылып, қарай береді. Мұнан басқа да бірнеше бала кеткісі келмей, көп жалтақтайды. Олардың да әке-шешелерібалаларын сүйрелеп, алып кетеді.
Қырық бес минутта тек алты адам ғана тоқтап тұрып күй тыңдайды. Жиырма адам ақша тастайды. Скрипкашы отыз екі доллар табады. Мұнан екі күн бұрын ғана осы скрипкашы кеш өткізгенде, барлық билеті сатылып кетіп, концертке баруға жұрт билет таппай қалған еді. Оның әр жолғы концерті өткенде бір билеті кем дегенде 200 долларға сатылатын. Метродағы бұл оқиға Вашингтондағы бір газет ұйымдастырған сынақ болатын. Олар адамдардың сезімін, түйсігін және талғамын сынап көрмекші болады.
Сынақтан мынадай сауалдар туады:
1. Қарапайым ортада, кез-келген уақытта адамдар сұлулықты сезіне ала ма?
2. Ойламаған жағдайда талантты тани аламыз ба? «Ерді кебенек ішінен танитын» қырағылығыңыз қаншалықты?
Ең соңында олар мынадай қорытынды шығарған: дүниедегі ең үздік музыкант, ең жақсы музыка аспабымен, дүниедегі ең тамаша күйді орындап тұрғанда, біз біраз уақытымызды қиып, құлақ қоя тыңдай алмасақ, онда қарбаласпен өтіп бара жатқан өмір сапарымызда қанша қымбатты нәрселерден білмей айырылып қалдық екен? Өмірде толассыз сапар шегіп, тоқтаусыз ілгерлесек те, жол жиегіндегі көркем көріністерді тамашалауға мұршамыз болмапты. Жастық шақтағы қаншама армандарымызды сапар барысында жоғалтып алдық десеңші!
Дайындаған Ырысбек ДӘБЕЙ