Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов спортшылардың допинг қабылдауы туралы айтты. Оның сөзінше, қазір қамауда отырған Талғат Ермегияевтің кезінде допинг қабылдаған спортшылар жарысқа оңай шығып жүрген. Себебі Ермегияев халықаралық ауыр атлетика федерациясымен келісіп қоятын көрінеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетейік, Талғат Ермегияев 2011-2012 жылдары аралығында Туризм және спорт министрі болған.
Өтешов ауыратлеттердің допинг қабылдайтыны рас екенін айтты.
"Жалпы допинг деген дәрі жоқ. Аспирин ішсең де ол допинг болып саналады. Допинг - жалпы атауы. Бәрін салады. Допинг полициясы мен біздің министрлік келіседі. Бәрі ақшаға байланысты. Олар бізді тексеруге келеді. "Двойник" деген нәрсе болады. Менің "двойнигім" Айдос деген інім болды. Менің орныма қан тапсырады. Себебі бәрі келісіліп қойған. Илья Ильиннің орнына ағасы Алексей тапсырады. Бәрі жемқорлық қой. Бәрі кезең-кезеңмен болады. Мысалы қаңтар айында әлем чемпионаты болса, соған дейін допинг қабылдаймыз. Қабылдағанымызды мойындаймыз. Менің орныма інім тапсырғандықтан талдау нәтижесі таза болып шығады.
Мен ары өз ағзаммен таза 200 келі ғана көтеремін. Допинг қабылдап 230 келі көтеремін. Онсыз болмайды. Ол кезде министр... Арыстанбек Мұхамедиұлы, одан кейін Талғат Ермегияев болды. Мұның бәрі министрдің ісі", - дейді спортшы журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.
Оның сөзінше, Талғат Ермегияев халықаралық ауыр атлетика федерациясының президентімен келісе алатын жалғыз адам болған.
"Мысалы Қазақстанға Венгриядан тексеру келеді. Бәрі одан хабардар. Тамаш Аян (халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті) допингке тексеріс жібереді. Бірақ Талғат Ермегияев олармен келісіп қояды. "Мә, саған 1 миллион доллар, келістік" деп кетеді. Талғат Ермегияевке біздің жүлде әкелгеніміз керек, себебі ол министр ғой. Абыройы үшін керек. Бірақ Талғат Ермегияевті жақсы көремін, оны қамап тасмағанда, ауыратлетика мықты болар еді. Себебі ол Тамаш Аянмен тікелей келісе алатын жалғыз адам еді. Басқа ешкім келісе алмайтын", - дейді спортшы.
Еске салайық,2016 жылы аса ірі көлемде пара алған "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының экс басшысы, бұрынғы туризм және спорт министрі Талғат Ермегияев сотталған болатын.Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің аралас қауіпсіздік мекемелерінде өтеп жатыр.
Бұған дейін Ермегияевтің түрмеде жеке кабинеті болған деген қауесет тараған болатын. ҚР Бас прокуратурасы заңдық күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің бастығы Қайрат Жақыпбаев журналистермен баспасөз маслихатын өткізіп, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компанииясының бұрынғы басшысына түрмеде жасалған жағдай туралы айтып берді.
"Шын мәнінде Ермегияев VIP-камерада отырды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Тек жазасын өтеу мекемесінде оған арнайы кабинет жабдықталған. Оған қоса, Ермегияев отырған камерада оған белгілі бір дəрежеде жеңілдіктер берілген», - деді Қайрат Жақыпбаев.
Сондай-ақ, Жақыпбаевтың сөзіне сүйенсек, сотталған азаматқа күндіз аздап еркіндік берілгенімен, түнде ол камерасында жатқан.
"Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, қызметкерлер жұмыстан шығарылды. 16 адам жазаға тартылды. Қаңтар айында прокурорлар барлық түзеу мекемелерін тексеріп шықты. Онда сотталған азаматтардан ұялы телефон, тұрмыстық техника, кілем мен жиһаздар табылған", - деді Жақыпбаев.