Донорлық ағзаны тәуліктен аса сақтайтын құрылғы — Тоқаев отандық ғалымдардың жаңалығын бағалады

Қаракөз Амантай 10 сәу. 2026 14:50

Бүгін Ақордада өткен жиында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық ғалымдармен кездесіп, ғылым саласындағы жетістіктер мен өзекті мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы кездесуде қолданбалы ғылымды дамыту Қазақстан үшін аса маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, кейінгі жылдары осы саладағы жобалардың саны артып, бұл оң үрдіс қалыптастырған.

Президент әсіресе жоғары оқу орындарының технологиялық даму орталықтарына айналып келе жатқанын алға тартты. Мысал ретінде ол былтыр University Medical Center құрамындағы Жүрек орталығы дәрігерлерінің ALEM (Astana Life Ex-situ Machine) атты инновациялық құрылғы ойлап тапқанын тілге тиек етті.

“Бұл құрылғы донорлық ағзалардың өміршеңдігін 24 сағаттан астам уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Мұндай бірегей жаңалықтар отандық ғылымның әлеуеті жоғары екенін көрсетеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар президент ғылым саласында шешімін таппаған мәселелер де бар екенін жасырмады. Ол бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ғалымдарымен кездесу барысында осы мәселелерді көтергенін еске салды.

"Ғылымды қаржыландыру жүйесін ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажет. Негізгі мақсат – қаржыны игеру емес, қоғамға нақты пайда әкелетін жобаларды жүзеге асыру", – деп түйіндеді мемлекет басшысы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove