Қазақстанда домбыра мен қобызды ұшақ салонында алып жүруге рұқсат берілуі мүмкін. Бұл Көлік министрлігі әзірлеген әуе көлігімен жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларына енгізілетін өзгерістер жобасында қарастырылған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Министрліктің мәліметінше, өзгерістер жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, қызмет көрсету сапасын арттыруға және әуе тасымалы саласындағы қолданыстағы талаптарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған.
Жобаға сәйкес, музыкалық аспаптарды белгіленген талаптар сақталған жағдайда қол жүгі ретінде, жеке жолаушы орнына орналастырып немесе тіркелген багаж ретінде тасымалдауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ қорғаныш қаптамасына салынған домбыра мен қобызды ұшақ салонында алып жүруге рұқсат беру ұсынылып отыр.
Бұл ретте музыкалық аспаптың өлшемі 110×35×30 сантиметрден, ал салмағы 10 келіден аспауы тиіс.
Бұдан бөлек, құжатта жануарларды әуе компаниялары белгілеген талаптарға сәйкес ұшақ салонында тасымалдау мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ мүгедектігі бар жолаушыларға әуе тасымалы кезінде жеңілдіктер беру нормасын заңнамалық деңгейде бекіту ұсынылған.
Жоба аясында жолаушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған тағы бірнеше өзгеріс енгізілмек. Атап айтқанда, рейс сыйымдылығы аз басқа әуе кемесіне ауыстырылған жағдайда бірінші кезекте кәмелетке толмаған балалардың, мүгедектігі бар адамдардың, ауыр науқастардың, жүкті әйелдердің және зейнет жасындағы азаматтардың тасымалы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар жолаушыны жеткізу кешіккен жағдайда төленетін өтемақының нақты мерзімін белгілеу ұсынылып отыр. Егер жолаушы тиісті өтініш берсе, әуе компаниясы төлемді 10 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асыруы тиіс. Бұған қоса, тасымалдаушының кінәсі дәлелденген жағдайда тіркелмеген қол жүгінің бүлінуіне қатысты әуе компанияларының жауапкершілігін нақтылау көзделген.
Айта кетейік, әзірге бұл – бұйрық жобасы. Құжат қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланған. Өзгерістер қабылданған жағдайда Қазақстандағы әуе тасымалының қолайлылығы артып, жолаушылардың құқықтарын қорғау тетіктері күшейе түседі.