Д.Көшім: «Комиссия құрамында қарапайым халықтың саны басым болуы шарт»

Dalanews 09 шіл. 2016 10:12 740

Жер реформасы бойынша қоғамдық комисияның бүгінгі отырысында қазақстандықтарға жерді жалға беру мәселесі талқылануда. Комиссия штабы Жер кодексіне тиісті өзгерістерді әзірлеп, нақты ұсыныстарды талқыға салып отыр. Осыған байланысты саясаттанушы Дос Көшім өзі басқаратын топтың ұсыныстарын жариялады. Оның ойынша, барлық ауылдық округтардан бір-бір адам комиссияның мүшесі болуы қажет. Ал комиссияның жұмысын прокурор бақылап отыруы шарт деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Оның ойынша, бүгінде жергілікті жердегі конкурстық комиссияларға қатысты ережелерге өзгеріс енгізген жөн
«Ережеде комиссиялар тұрақты жұмыс істейді деген сөз бар. Бірақ олар неше жыл жұмыс істейді, қанша жылдық мерзімі бар, қандай құқығы бар сияқты мәселелер жазылмаған. Сондықтан біздер өз тарапымыздан 5 жыл жұмыс істейді деген ұсыныс жасап отырмыз. Сол уақыттарда әкімшілік өзгергемен комиссия өзгермеуі керек. Себебі әрбір әкімшілік өзі келеді де, жерді бөлетін уақыттарда өзіне комиссия жасақтап алады. Сондықтан комиссияның тұрақты мерзімі болуы қажет деп есептейміз. Мүмкін ол бес жыл болмайды, басқа, бірақ енді тұрақты болуы қажет дегеннен кейін біз бес жыл ұсынып отырмыз», – дейді Д.Көшім.

Бұдан бөлек, конкурстық комиссиялардың құрамына қатысты көптеген мәселелер бар. Халық оның құрамына кіретін билік өкілдеріне сенбейді.
«Екіншіден, ережеде комиссия мүшелері бес адамнан кем болмауы керек деген талап бар. Оның ішінде ауылдық округтердің әкімдері, жер ресурстарының және тағы басқа атқарушы биліктің азаматтары бар. Әрине, қазір Атамекенді (қазіргі ұсыныстар бойынша – авт.) қосып отыр. Одан тағы басқа. Бірақ біздің ойымызша, барлық ауылдық округтардан бір-бір адам комиссияның мүшесі болуы қажет. Бұл комиссия ай сайын жұмыс істемейді, жылына бір істей ме, екі жылда бір істей ме. Сол уақыттарда жерге тікелей қатысы бар, жермен жұмыс істеп жүрген адамдарды әрбір ауылдың жиналысы бекітіп, сол комиссияға кіруі тиіс. Сонда барлық адамдардың қатысуы болады. Сондай-ақ аудандық прокурор комиссияның мүшесі міндетті түрде болуы қажет. Ол комиссияның заңдылығын бақылаутын болады. Оған қоса, қоғамлық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары комиссияның жұмысына қатысуы шарт. Қысқасы, комиссияның үштін бір бөлігі ғана билікте, қалғаны қарапайы халық болуы қажет деп санаймыз», - деп атап көрсетті саясаттанушы.

 

Арман АСҚАРОВ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар