Діни экстремизм адамның психикасы мен физикалық жағдайына деструктивті мінез-құлықты сіңіруге тырысады – маман

Dalanews 11 сәу. 2023 07:14 1273

Діни экстремизмнің мәні мен маңызы дінаралық, конфессияаралық араздықты қоздыруға, сондай-ақ мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың бірлігіне сызат түсіруге бағытталған. Бұл ұғым қазіргі қоғамдағы ең қауіпті құбылыстардың біріне айналып кеткеніне де жиырма шақты жылдың жүзі болды. Ал қарапайым адамдардың мұның құрбанына айналуы көп деңгейлі жалған деректерге сенуден, психологиялық зорлық-зомбылықтан және көбінесе қаржылық құлдықтан туындауы мүмкін. Діни экстремизм тақырыбында дінтанушы Нұрсұлтан Дихамбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

Нұрсұлтан Жеңісұлы, сөз басында діни экстремизм ұғымына анықтама берсеңіз?

– Неғұрлым жалпы мағынасында айтатын болсақ, діни экстремизмді діни құндылықтар мәселесіне қатысты шектен тыс көзқарастарға, сондай-ақ әрекет ету мен ықпал етудің шектен тыс әдістеріне берілгендік ретінде сипаттауға болады. Бұл қоғамға тән дәстүрлі негіздерді жоққа шығару және бір мезгілде мәні бойынша қарама-қарсы идеялар мен тұжырымдамаларды насихаттау дегенге де саяды.

Діни экстремизм жеке адамдарға да, тұтас ұйымдарға да теріс жағынан әсер етуі мүмкін.

– Ал елімізде діни экстремизмнің пайда болуына не себеп болды?

– Біздің елімізде де, посткеңестік мемлекеттерде де деструктивті діни ағымдардың пайда болуына байланысты діни экстремизмнің қоғамға дендеп енуі факторларының үрдісіне еніп кеттік.

Біріншіден, атеистік идеологияның жетпіс жылдық билігінен кейін посткеңестік қоғамның басым бөлігі «рухани бағдарынан айырылды» деуге болады.

Бұл жалған діни ағымдардың, оккультизм мектептерінің, басқа да діни ұйымдардың қарқынды және жаппай таралуына алып келді. Дәстүрлі діни формациялар соның көлеңкесінде қалып қойды.

Екіншіден, жат деструктивті идеологияның таралуына экономикалық, әлеуметтік және саяси дағдарыс оң әсерін тигізді. Яғни, бұл процесс өзін-өзі қолға алу сезімін жоғалтты, әркімнің айналадағы өзгерген әлемде өзінің рөліне бейімделудегі қиындықтарды тудырды.

Адамдар өмірдің бостығын, рухани азыққа мұқтаждығын басынан өткерді. Соның орнын жат пиғылды идеология толтыра берді.


Үшіншіден, өмір салтын діни нормалар мен құндылықтарға сәйкес реттей бастаған азаматтардың діни сана-сезімінің өсуі артып, көбінесе мүлде беймәлім сенімдер мен діни формацияларға негізделген ілімді іздеуге бет бұра бастады.

Осының бәрі бірігіп, қызметі көбінесе экстремистік және деструктивті сипатта болған діни ұйымдардың пайда болуына, таралуына және дамуына ыңғайлы орта болды деп айта аламыз.

Осылайша, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басынан дерлік Қазақстанға әртүрлі діни ілімдер легі ағылып келді, олардың таралуы іс жүзінде, дұрысын айтқанда мемлекет тарапынан бақыланған жоқ. Жаңа діни ағымдар 2011 жылы «Дін туралы» жаңа заң қабылданғанға дейін миссионерлік қызметпен сәтті айналысты.

Нұрсұлтан Жеңісұлы, демек, дін туралы жаңа заң қабылданғанға дейін діни ұйымдар, оның ішінде деструктивті ұйымдар еш кедергісіз жұмыс істеді ғой. Ал сіз айтып отырған заң нақты нені өзгертті?

– Қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы елімізде дінге қатысты іс-шаралардың талапқа қаншалықты сәйкес жүзеге асырылуының нақты шеңберін айқындап берді.

Сондай-ақ, діни бірлестіктердің одан әрі қызметін ретке келтірді деуге болады. Оның үстіне, сол кездегі терроризм мен экстремизм қаупінің күшеюіне байланысты деструктивті діни ағымдарға қарсы тұру қажеттілігі туындады. Бұл – құжат сол келеңсіздікке толықтай қарсы тұрды.

Мысалы, заңның негізінде тек ресми тіркелген діни бірлестіктердің қызметіне рұқсат етілді. Ал діни уағыздар тек діни мекемелер мен осы үшін арнайы бөлінген орындарда ғана тыңдалатын болды.


Сонымен қатар заңға сәйкес, республика аумағында тіркелген діни бірлестіктердің ресми өкілі болып табылатын және өздері миссионер ретінде тіркелген адамдар ғана уағыз жүргізе алатын болды. Яғни, бей-берекеттікті жойды, тәртіп орнатты.

Ал діни мазмұндағы әдебиеттер туралы айтатын болсақ, оны тек қатаң белгіленген орындарда ғана, атап айтқанда ғибадатханаларда, рухани білім беру ұйымдарында және жергілікті атқарушы органдар белгілеген үй-жайларда ғана таратуға болады.

– Діни экстремизмнің қауіптілігі қандай, нақты сипатын атап бере аласыз ба?

– Діни экстремизм адамның табиғи рухани, психикалық және физикалық жағдайына деструктивті мінез-құлықты сіңіреді, ол көбінесе зорлық-зомбылыққа жол беруге шақырады, конфессияаралық және ұлтаралық араздықты қоздырады, азаматтық, отбасылық міндеттерін орындаудан бас тартуға итермелейді.

Қоғамдық тәртіп нормаларын мойындамайды, имандылық пен адамгершілікті насихаттағанымен, шын мәнінде одан алшақ ілімге үндейді.


Жалған діни ұйымдардың қызметі адамға материалдық залал келтірілетінін де атап өткен жөн. Ондай ұйымдар өз мүшелерінен материалдық пайда алуды (пәтерлерді, басқа мүлікті сату, ұйымның дамуына инвестиция салу және т.б.) көксейді және сол үшін зардабы ауыр әрекеттерге де барады. Яғни, өз құрбандарының дүние-мүлкін, қаржысын иемдену үшін соның анасын жаулап алудың бар айла-тәсілдерін пайдаланады.

– Егер адам діни экстремизмнің көрінісімен бетпе-бет келсе, қайда жүгіну керек?

– Діни экстремизм идеологиясының көріністеріне тап болған немесе дін саласына қатысты сұрақтарыңыз болса, IKOMEK 109 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы елордадағы Дін мәселелерін зерттеу орталығына хабарласуды ұсынамын!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар