Қазақстанның Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамында ұшқышсыз авиациялық жүйелерді дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі таңда дрондарды жинақтау, баптау, сынақтан өткізу және әскери бөлімдерге тапсырудың толық өндірістік циклі жолға қойылған.

Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері Десанттық-шабуылдау әскерлері құрамында екі жыл бұрын құрылған. Осы уақыт аралығында әскери қызметшілер дрондарды тәжірибеде қолданумен қатар, оларды өз күшімен жинақтау және жөндеу ісін де меңгерді. Бұл әскердің ішкі қажеттіліктерінің едәуір бөлігін дербес қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Дрондарды жасау, жинау және жөндеу шеберханасы 2025 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Мұнда арнайы дайындықтан өткен келісімшарт негізіндегі әскери қызметшілер еңбек етеді. Жуырда аталған шеберханада жүзінші ұшқышсыз ұшу аппараты құрастырылды.

Жиналған барлық дрондар міндетті түрде бақылау сынақтарынан өткізіліп, содан кейін ғана әскери бөлімдерге беріледі. Мамандардың айтуынша, бұл бағытты дамыту қазіргі заманғы соғыс қимылдарының талаптарымен тікелей байланысты. Қазіргі қарулы қақтығыстарды талдау ұшқышсыз аппараттардың барлау жүргізу, атысты түзету және бөлімшелерді басқарудағы маңызы артқанын көрсетіп отыр.
Биыл Десанттық-шабуылдау әскерлерінің оқу орталығы базасында ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлау басталады. Оқытуды арнайы курстардан өткен, түрлі үлгідегі дрондармен жұмыс тәжірибесі бар нұсқаушылар жүргізеді.

Ұшқышсыз авиациялық жүйелер бөлімшелері «Десант-2025» оқу-жаттығулары барысында алғашқы жауынгерлік сынақтан өтті. Олар әуе барлауын жүргізіп, авиация мен артиллерияның атысын түзетуге, соққы беру операцияларына және бөлімшелерді нақты уақыт режимінде басқаруға қатысты.

Қазіргі уақытта Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қару-жарағында отандық және шетелдік өндірістегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер бар. Бұл бағыттағы дамыту, жаңғырту және жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жоспарлы түрде жалғасын табады.
