Универсиетімізге арнайы келген қонақтардың арасында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Зағипа Балиева, Амангелді Дәуренбаев, Бақтияр Мәкен сынды елге белгілі азаматтар болды. Олар оқу орын қызметкерлері мен студенттерге мемлекеттік ауқымды бағдарламалар барысын түсіндіріп, жастардың заман талабына сай білім алуы, ғылыммен айналысуы және әлеуметтік мәселелер төңірегінде ой бөлісті.
Кездесуге орай өткен жиындауниверситет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Тілектес Есполов қонақтарға оқу орнының бүгінгі жетістіктері мен алдағы мақсаттары туралы баяндап, мемлекет жүктеген міндеттерді іске асыруға байланысты әзірленген жұмыс жоспары аясында атқарылып жатқан нақты іс-шаралар барысы туралы мәлімет берді.
Ректор өз сөзінде Парламент депутаттары университеттің әр бастамасына, ғалымдардың ғылыми жобаларына үнемі қолдау білдіріп отыратындығын жеткізді. Тек биылғы жылы университетте екі жоба бойынша көлемі 1,9 млрд. теңгені құрайтын 2 жаңа инновациялық орталық және 2 зертхана ашылады. Бұл игілікті іс-шаралардың барлығы – университет жастарының озық білім алуына, еліміздің кемел келешегін қалыптастыруына бағытталуда.
Өз кезегінде сөз алған Зағипа Яхянқызы жастардың ғылыммен айналысуына, оларға әлеуметтік көмек көрстеуге, жалпы аграрлық ғылымды қолдауға халық қалаулылары барынша оң ықпал жасайтынын атап өтті.
Мәжілістегі Аграрлық комитеттің мүшесі, депутат Амангелді Дәуренбаев ауылды көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың әлі де жетілдіруге қажетті тұстары бар екеніне тоқталды.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің түлегі, мемлекетшіл азамат Бақтияр Мәкенұлы өз сөзінде жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесі мемлекеттің ерекше назарында тұрғанын атап өтіп, жастардың жаңа білім алуына Қазақстанда мүмкіндіктердің мол екенін нақты мысалдармен айтып өтті.
Жиын барысында университеттің оқытушы-профессорлары, білім алушы жастары депутаттарға өзерін толғандырып жүрген сұрақтар қойды.
Қазіргі кезде оқу орнының жетістіктерімен қатар, әлі де толық шешімін таппай тұрған мәселелер де аз емес. Уақыт жылдам өзгеріп, білім, ғылым, өндіріске қойылатын талаптар күшеюде. Агроөнеркәсіптік кешенге жаңа инновациялық технологиялар енгізілуде. Сондықтан, бәскеге қабілетті, жаңаша ойлайтын, тиімді шешімдер қабылдай алатын, инновацияға бейім мамандар дайындаудың жаңа бағыттарын дамыту көзделуде. Отандық кадрларды даярлау, академиялық ұтқырлық аясын кеңейту, жаңа мамандықтар ашу, сұранысы жоғары мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты көбейту, студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша әлі де түйінді мәселелер бар.
Бүгінгі күні универсиетте 90% астам ауыл балалары білім алады. ҚазҰАУ студентерінің басқа оқу орындарына қарағанда жатахқанаға мұқтаждықтары көп. Сондықтан университет басшылығы биылғы жылы 450 орындық жаңа «Студенттер үйін» салуды жоспарлап отыр. Қазіргі кезде оның құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті органдарға ұсыныс ретінде жіберілді.
Жиын барысында аталған мәселелерді тиімді шешу жолдары талқыланып, университет ұжымы мен білім алушы жастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Университет ұжымы мен студенттердің талап-тілектерін ескере отырып, депутаттар тиісті органдарға арнайы сауал жолдайтындықтарын айтты.
Кездесу соңында қонақтар университеттің оқу-ғылыми инфрақұрылымын аралап, оқу орнының ғылыми инновациялық орталықтарында болып, жас ғалымдармен кездесті.
Депутаттар,сонымен қатар университет жанындағы «Н.Назарбаев білім және ғылым орталығы» жұмысымен танысып, бұл орталықтың терең мәні мен мазмұны жастарды тәрбиелеуге зор ықпал жасайтынын атап өтті.
ҚазҰАУ Баспасөз қызметі,
Суреттерді түсірген М.Ботабеков,