Депутаттар Абай өңіріндегі шынайы ахуалды ашып айтты

Dalanews 12 мау. 2023 10:50 768

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов пен Самат Нұртаза Абай облысындағы ахуал туралы айтты. 

"Біз Абай облысындағы жағдайды өз көзімізбен көріп, бақылау үшін барған едік. Түнде қайтып келдік. Өрт ауыздықталды, тоқтатылды деп айта алмаймыз. Ол жерге техникалық көмек көп қажет. Желдің тоқтамауы мен жаңбырдың болмауы сынды табиғи факторлар да қатты әсер етіп жатыр. Тек AMANAT  партиясы ғана емес, жергілікті халықтың белсенділігі, көшірілген халыққа көмек көрсету сынды іс-әрекеттер ретке келтірілген. Барлығы қалыпты жоспар бойынша жұмыс істеп жатыр", – деді Ринат Зайыов.

Депутат атағандай, басты проблема – отты ауыздықтап тоқтату.

"Осы жағынан келгенде сұрақ өте көп. Қалай тоқтатады? Қашан тоқтатады? Қазірдің өзінде "Семей орманы" резерватының 10 пайызына дейінгі аумағы өртеніп жатыр. Кеше біз барған Талица деген ауылға біз кеткен соң түнде от барған. Бұлақ деген ауылды түтін жайлаған соң адамдарды көшірген. Қазіргі ахуалы осындай болып отыр", – деді Ринат Зайытов.

Сонымен қатар депутат Самат Нұртаза өңірдегі жағдай әлі де күрделі екенін айтты. 


"Техника ішінара жетіспеді. Менің ойымша, өрт аймағында техника көбірек болуы керек еді. Жалпы ТЖМ басшылығын ауыстыру бұрыннан қажет болды. Басшылықты ауысқаннан кейін оң нәтиже болады дегенге сенгім келеді, өйткені орман үлкен және 3-4-ақ тікұшақ ұшады. Бұл өте аз.

Біз өрт болған жерге жеттік, сонда болдық. Орманнан келген адамдардың киімдерінен тіпті түтінді де байқауға болады. Олар күйіп қалмас үшін орманға киімдерін ылғалдап кіреді. Яғни бұл – ауыр жұмыс, олар – нағыз батырлар. Олардың жалақысы-110 мың теңге. Тіпті мұны айтудың өзі ұят. Осы проблемалық мәселелердің барлығы көтеріледі. Сәрсенбіде пленарлық отырыста біз бұл мәселені көтереміз деп ойлаймын", – деп атап өтті депутат.

Самат Нұртазамен бірге ТЖ орнында басқа депутаттар да болған.

“Біз колледж жатақханасында болған адамдарға бардық. Олар өздерінің малы, бақшалары, үйлері үшін алаңдады. ІІМ, әрине, жақсы жұмыс істеді. Олар тонау болмас үшін ауылды қоршап алды. Біз сол бос қалған ауылға бардық. Полицейлер тікелей тізбекте тұр", –  деп атап өтті Самат Нұртаза.

Айта кетейік, Абай облысындағы алапат өрт кезінде 14 адам қаза тапты.

Дереккөз: Stan.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар