Алматы тауларында 1953 жылы туған шетел азаматын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқару операциясына тартылған адам саны 50-ден 130-ға, ал дрондар саны жетіден 11-ге дейін көбейтілді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздеу жұмыстары Медеу ауданындағы Талғар асуы маңында, шамамен 3200 метр биіктікте тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар шатқалдар мен тау беткейлерін, асуларды, сондай-ақ шыңдарға апаратын бағыттарды тексеруде.
Операцияға ТЖМ қызметкерлері, полиция, «Барыс» республикалық құтқару қызметі, қалалық мониторинг орталығы мен еріктілер жұмылдырылған. Іздеу барысында сегіз техника, үш кинологиялық топ және ТЖМ авиациясы пайдаланылып жатыр.
Мамандардың жұмысына күрделі тау бедері, биіктік пен жетуі қиын аумақтар кедергі келтіруде. Соған қарамастан, іздеу ауа райын ескере отырып үздіксіз жалғасып жатыр.
Белгілі болғандай, шетел азаматы 28 қыркүйекте «Шымбұлақ» аспалы жолымен тауға көтерілген. Кейін қалаға өздігінен түспек болғанымен, қонақүйге оралмаған. Оның жоғалғаны туралы хабар 29 қыркүйекте «112» қызметіне түскен.