Қазақстанда зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту мәселесі қайта көтерілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов зорлау бабын қатаңдатып, оны аса ауыр қылмыс санатына енгізуді ұсынды.
Халық қалаулысының айтуынша, қазіргі заңдағы жаза көлемі қоғамдағы қауіптің деңгейіне сай емес. Бүгінде қалыңдықты алып қашу немесе некеге мәжбүрлеу үшін жаза 10 жылға дейін күшейтілсе, зорлау фактілері үшін қарастырылған жаза одан жеңілірек болып отыр. Бұл құқықтық олқылық қылмыскерлерді жауапкершіліктен жалтаруға итермелеуі мүмкін.
– Некеге мәжбүрлегені үшін 10 жылға дейін жаза бар, ал зорлау үшін 3 жылдан 8 жылға дейін ғана. Бұл қисынсыз. Зорлау – одан да ауыр қылмыс. Сондықтан оны аса ауыр қылмыс ретінде қарастыру қажет, – деді депутат.
Оның пікірінше, жазадағы мұндай айырмашылық кейбір адамдарды қылмыстың ауыр түріне баруға итермелеуі ықтимал. Сол себепті заңнамада нақты тепе-теңдік болуы тиіс.
Мұрат Әбенов бұл бастаманы өзі көтеріп, тиісті түзетулерді әзірлеуге дайын екенін мәлімдеді. Депутаттың ұсынысы қоғамда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған қадам ретінде бағаланып отыр.
