Freedom Inside '26

Депутат үкіметтен коммуналдық тарифтерді өсірмеуді талап етті

Депутат үкіметтен коммуналдық тарифтерді өсірмеуді талап етті
ЖИ: Dalanews

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) өсіп жатқанымен, бұл қарапайым халықтың тұрмысын жақсартуға әсер етпей отыр. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, елдегі ресми инфляция 12,3%-ды құрап, жоспарланған 5,5–7,5% дәлізінен әлдеқайда асып кеткен. Оның сөзінше, нақты инфляция бұдан да жоғары.

– Бұл ЖІӨ кім үшін өсіп жатыр? Азық-түлік бағасы 13,5%-ға қымбаттады. Соның салдарынан қазақстандықтардың шығын құрылымында тамаққа жұмсалатын қаражаттың үлесі 52%-ға жетті. Егер отбасы табысының жартысынан көбін азық-түлікке жұмсаса, бұл тұрақтылық емес, күнкөріс үшін күрес, – деді Рахымжанов.

Ол номиналды жалақы өсіп жатқанымен, инфляцияны есепке алғанда нақты жалақы 3,2%-ға төмендегенін айтты. Сонымен қатар халықтың шамадан тыс несиеге тәуелділігіне назар аударып, мұны «табыс тоқыраған жағдайда күн көрудің амалы» деп атады.

– Әкімдіктер есептерінде өздеріне жайлы көрініс қалыптастырған. Ал, мысалы, Абай облысы мен Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары әлеуметтік жәрдемақыларының үштен бірін азық-түлікке жұмсауға мәжбүр. ЖСДП мұндай саясат әлеуметтік күйреуге алып келеді деп есептейді. Бізге көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет, – деді депутат.

Осыған байланысты Асхат Рахымжанов ең төменгі жалақы мөлшерін көтеруді, бағаға нақты бақылау орнатуды және тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуін тоқтатуды талап етті.

Оның пікірінше, «Инвестицияға айырбас ретінде тариф» саясаты халықтың тұрмысын төмендету есебінен жүзеге асырылмауы тиіс.