Сенатор Геннадий Шиповских құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлер мен танымал тұлғалардың жауапкершілігін арттыруды талап етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бір ғана елордада қандай да бір мәселе туындаған жобаларды аяқтау үшін Ұлттық қордан 60 миллиард теңге, ал республикалық және жергілікті бюджеттен 154 миллиард теңге бөлінеді. Алайда бүгінде елімізде 7 мыңдай үлескер алданып қалған.Оның 4 мыңнан астамы Астанада қоныстанған. Республика бойынша тағы 44 проблемалық нысан бар.
Соңғы екі жылда құқық қорғау органдары заңсыз ақша жинаған 300-ден астам компанияны жауапқа тартып, 250 миллион теңге айыппұл салған.
“Яғни, бір компанияға орташа есеппен 800 мың теңгеден аса айыппұл салынды. Бұл бір пәтердің екі шаршы метрінің бағасы ғана. Ал келтірілген шығын 300 миллиард теңгені құрайды. Бұл парадокс емес пе? Кейбіреуінің жауапсыздығынан үлескерлерден бөлек, құрылыс компанияларының құрылысшылары, кәсіпкерлер мен құрылыс өнімдерін жеткізушілер зардап шегуде. Құрылысшыларымыз құрылыс компанияларынан еңбекақы алуда қиналып жатқанын көріп жүрміз. Кейбіреулері осы мәселемен маған келді” - дейді Геннадий Шиповских.
Сенатор осындай жағдайлардың алдын алу үшін құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту қажет екенін жеткізді.
“Егер компания үйді уақытында бермесе, онда олардың үлескерлерге жалдау ақысын келісім-шартта көрсетуді міндеттеу керек. Сондай-ақ мұндай құрылыс компанияларын жарнамалайтын блогерлер мен танымал тұлғалардың жауапкершілігін арттыру қажет. Олар халыққа белгілі бір тұрғын үйді жарнамалас бұрын, сол компанияның жұмысына толық сенімді болуы маңызды. Осындай компанияларға салынатын айыппұл көлемін ұлғайтуға не кедергі?“ - деп сөзін жалғады сенатор.
Еске салайық, күні кеше Алматыдағы тұрғын үй кешеніндегі үлескерлердің бірі Бостандық аудандық полиция бөліміне арыз түсіргені белгілі болды. Олар “Flora City Stroy” ЖШС басшысын тұрғын үй кешенінде жоқ пәтерлерді сатты деп айыптап отыр.