Депутат Дәулет Мұқаев тұсау кесіп жүргенін сынағандарға жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Мұқаев осы уақытқа дейін 3600 баланың тұсауын кескенін айтты.
"Оның бәрін тегін жасадым. Ешқандай "ставка" жоқ. Басқа танымал адамдар сияқты 500 доллар, 1000 доллар алып жүрген жоқпын. Бәрі тегін. Алғаш 2016 жылы тұсау кестім. Содан бері әлеуметтік желіде көрген адамдар, арнайы Мәскеуден, Атырау, Ақтаудан келгендер болды. Әрине неше түрлі пікір де, негатив те жазып жатады", дейді депутат.
Оның сөзінше, депутат 36 жастағы әйелдің тұсауын кескен кез де болған.
"36-38 жастағы әйелдің тұсауын кестім. Ол кісі "мен сүріншекпін, тұсауым ала жіппен кесілмеген, ырымын жасап беріңізші" деді. Мен кішкентай баланың тұсауын ғана кесетінімді айтамын. Бұл жолы жолын жайып қойғаннан кейін бас тарта алмадым", дейді Дәулет Мұқаев.
Ол танымал болғанға дейін тек жақындарының тұсауын кескенін айтады.
"Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Әбестік деп ойламаймын. Ол қазақтың дәстүрі. Екіншіден, біздің дәстүрге сіңіп жатқан өзге ұлт азаматтары да бар. Осы уақытқа дейін орыстың да, кәрістің де тұсауын кестім. Оның бәрі жұмыс уақытынан тыс жасалып жатқан әрекет", деп түсіндірді депутат.