Freedom Inside '26

Депутат кәсіби мерекелер санын қысқартуды ұсынды

Депутат кәсіби мерекелер санын қысқартуды ұсынды
t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевқа депутаттық сауал жолдап, Қазақстандағы кәсіби мерекелер жүйесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, бүгінде елде 74 кәсіби мереке бар. Алайда олардың шамамен 20 пайызы нақты мамандықтарға емес, жекелеген мемлекеттік органдарға арналған.

Депутат мұндай жағдай кәсіби мерекелердің бастапқы мәнін әлсіретіп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай күндер белгілі бір ведомствоның құрылған күнін емес, еңбек адамдарының қоғам мен экономикаға қосқан үлесін дәріптеуі керек.

Сергей Пономарев мерекелер жыл ішінде біркелкі бөлінбегеніне де назар аударды. Мысалы, қазанда бірден 15 кәсіби мереке аталып өтеді.

Сондай-ақ, ол білім беру саласында бірнеше мереке қатар белгіленгенін мысалға келтірді. Жоғары білім беру қызметкерлері күні, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні және мұғалімдер күні бар.

Депутаттың пікірінше, халық арасында кеңінен танылған мұғалімдер күні - негізгі мереке, ал оған жақын бағыттар бойынша жеке кәсіби мерекелер болуы оның маңызын төмендетеді.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады. Кәсіби мерекелерді белгілеудің бірыңғай әдістемесін әзірлеу, қолданыстағы мерекелер тізімін қайта қарап, қайталанатын және кейбір мерекелерді біріктіру, сондай-ақ, кәсіби мерекелер тізімін министр бұйрығымен емес, Үкімет қаулысымен бекіту ұсынылды.

Сонымен қатар, бұл тізімді екі жыл сайын жаңартып отыру қажет екені айтылды.