Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов сот отырысына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Шенеуніктің айтуынша, денсаулығына және бес оқ жарақатынан кейін оңалту кезеңінен өтіп жатқанына байланысты сот отырыстарына жеке қатысуына мүмкіндік жоқ.
"Сот процесін және оған қатысты ақпараттық кеңістіктегі ахуалды мұқият бақылап отырмын. Сотта жауапкер Жиенбай тарапынан айтылып жатқан мәлімдемелерге үнсіз қалу мүмкін емес. Бұл - тек қысым көрсету әрекеті. Соңғы рет мен оны сол күні, дәл өзі аңшы мылтығынан атып кеткен кеште көрдім. Одан кейін бізде ешқандай байланыс болған жоқ. Кейінірек ол өкілдерімен бірге менің қорғаушыларыммен байланыс орнатуға тырысып, "достасуды" ұсынды", - дейді ол.
Руслан Берденов өзіне қандай қысым жасалғанын баяндады.
"Кешірім берілсе, шу көтермейміз деді, ал бас тартқан жағдайда "ақпараттық жарылыс" жасаймыз деп сес көрсетті. Тіпті айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген мәлімдеме жасалатынын айтты. Мұны мен тікелей қысым деп бағалаймын. Мен қандай да бір қысым мен арандатуға жол бермедім", - деді ол.
Әкімнің орынбасары бұл оқиғаның түпкі себебі неде екенін айтты.
"Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні кәсіби, қызметтік сипатта. Жауапкер келісім аясындағы жұмысын адал атқарғысы келмеді, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелер орындалуын талап еттім. Ал қоғам назарын "қызғаныш", "жеке қатынас", "жұбайы" секілді жалған себептерге бұру - манипуляция, шындықтан алыстату. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын", - деді Берденов.
Руслан Берденов соттағы мәлімдемелермен келіспейтінін жеткізді.
"Бұдан да сорақысы: бүгінде бұл жалған мәлімдемелерге қала әкіміне қатысты тұстарды да қосып жатыр. Бұл тағы да істің ақиқатқа емес, қысым көрсету мен беделге нұқсан келтіруге бағытталған өрескел манипуляция екенін дәлелдейді. Мен мұндай мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамын және оларды мойындамаймын", - деді ол.
Шенеунік денесінде әлі де қорғасын оқтары барын айтты.
Бұған дейінгі жағдай
Еске салайық, бұған дейін Руслан Берденов сотқа келуге міндеттелгені хабарланды. Сот отырысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға жоспарланған негізгі сот процесіне міндетті түрде қатысуға шақырды.