“Демек ол бір нәрсе бүлдірді”: Бапи Нығматулинге қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 20 нау. 2024 18:21 7938

Парламент депутаты Ермұрат Бапи Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулин мен оның егіз інісі, бұрынғы сенатор Ерлан Нығматулиннің төңірегіндегі жазбалар арнайы тапсырыспен жазылуы мүмкін деген мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Менің ойымша, Нығматулиннің осы уақытқа дейін елден бой тасалап жүруі - бекер емес. Ол неден қорқады? Неге ол елде емес? Неге шетелде жүр? Демек ол бір нәрседен қорқады. Демек ол бір нәрсе бүлдірді. Енді оны ақтап шығу мақсатында тапсырыстар түсіп жатыр”, - деді Бапи ҚазТАГ тілшісінің сұрақтарына жауап бере отырып.

Еске салайық, бұған дейін Әшімбаев Нығматулиндерді жақтап, олардың тарапына жазылған теріс жазбалар арнайы тапсырыспен жариялануы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Десе де ол тағылған айыптардың бірде-біреуін дәлелдермен жоққа шығара алмады.

Айта кетейік, кезінде Әшімбаев Нұрлан Нығматулиннің қолынан Мәжіліс сыйлығын алып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған болатын. Сонымен қатар ол - “Ескі Қазақстан”өкілдеріне арналған көптеген мақаланың авторы.

Нұрлан Нығматулин қаңтар оқиғасынан кейін араға бір ай салып, яғни 2022 жылы 1 ақпанда Мәжіліс төрағасы қызметінен кеткен еді. 2016 жылдан бері парламенттің төменгі палатасын басқарған ол өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға өтінішті өзі берген. Бұл оның екінші төрағалығы болатын. Бұған дейін 2012-2014 жылдары да Мәжіліс спикері болған. Сонымен бірге ол мансап жолында президент әкімшілігін басқарып, Қарағанды ​​облысының әкімі болды.

Нұрлан Нығматулиннің егіз інісі Ерлан Нығматулин де Мәжіліс пен Сенатта депутаттық мандатын иеленді.

Жақында екі ағайынды рейдерлік шабуыл ісі бойынша қылмыстық іске қатысы бар деген күдікке ілінген болатын. Алайда екеуі әлі де бостандықта жүр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар