Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев су тасқынына байланысты болған ақпараттық шабуылдар туралы айтты. Сарапшылар Әшімбаевтың жазбасына қатысты талдау жасаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Саясаттанушы телеграм арнасында "су тасқынына қатысты болып жатқан ақпараттық кампанияларға "Ескі Қазақстан" өкілдерінің қатысы жоғын" айтты.
"Барлық кінә дәстүр бойынша "Ескі Қазақстанға" артыла бастады. Менің ойымша, мұндай әрекеттер мемлекеттің беделіне қатты нұқсан келтіреді. Халық кінәлі адамдардың жазаланып қана қоймай, елдегі жағдайдың тұрақталғанын, шығын өтелгенін, ал ең бастысы – төтенше жағдайды неден шыққанын, бұған дейінгі жоспарлардың орындалмау себебін анықтауды және су тасқынына қарсы тиімді жүйе қалыптасқанын қалайды", - дейді саясаттанушы.
Әшімбаевтың бұл жазбасы "Нурсултанский соловей" телеграм-арнасындағы сарапшылардың көзіне түскен.
"Бір шеті Әшімбаев белгілі бір саяси күштер мұндай ақпараттық кампанияларды қазақстандық сегментте мақсатты түрде жүргізіп отырғанын жоққа шығармайды. Дегенмен мұндай деструктив әрекеттің артында тұңғыш президенттің отбасымен байланысы бар қазақстандық саяси және іскер элита тұр дегенге сенбейді. Ал бұл оның әріптестері "Elmedia" авторы мен оппозиция қайраткері Гүлжан Ерғалиева мен Orda kz порталының бас редакторы Гүлнара Бажкенованың ойына қайшы. Мысалы "Elmedia" авторлары "Жаңа Қазақстан" билігінің беделін түсіруге қарсы ақпараттық кампания жүріп жатқанын, оның артында Дариға Назарбаева тұрғанын және ол Тоқаевтың алдағы екі жылда отставкаға кеткенін қалап отырғанын айтса, Orda kz авторлары қазақстандық сегментте мұндай деструктивті ақпараттық науқанды "Назарбаев Қорының" қызметкерлері тікелей бақылап отырғанын айтады", - дейді канал авторлары.
Канал сарапшылары "Ескі Қазақстан" өкілдерінің су тасқыны секілді проблемаларға қатысты жоқ деген Әшімбаевтың пікіріне қатысты ойын айтты.
"Әшімбаев ақпараттық кампаниялардың артында белгілі бір күш иелері тұрғанын, олар Қазақстанда емес екенін айтып, алайда оған деструктивті саяси күштерді тарту үшін саяси және қаржылық ықпалы бар, Қазақстанның ішінде де жүрген азаматтық белсенділер, тіпті БАҚ-тардың қатысы барын айтады", - дейді телеграм арна авторлары.
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Тоқаевты ақпараттық деңгейде дискредитациялау жүріп жатқанын айтқан еді. Депутаттың сөзінше, елдегі реваншистік күштер елге түскен әрбір ауыртпалықты пайдаланып, қазіргі президентті жамандауға дайын отырады.
Саировтың сөзінше, олардың жоспары бойынша қазіргі таңда президентті ақпараттық деңгейде дескредитациялау болып жатыр.
Сонымен қатар, бұған дейін Ескі Қазақстан экс-президенттің үгіт-насихатын күшейте бастағанын жазған едік. Әлеуметтік желіде Ескі Қазақстанды жақтаушылар белсенді бола бастаған.
Ескі Қазақстанды жақтаушылар әсіресе TikTok-та белсенді жұмыс жүргізе бастаған. Желіде тараған видеолардың мазмұны бір сарында – Назарбаев билікте отырған кезде халықтың жағдайы жақсы болыпты-мыс.
Парақшаларда Назарбаевтың халыққа жақсы көрініп қалған тұстарын, шенеуніктерді сөгіп жатқан сәттерін көрсетіп, адамдарға психологиялық тұрғыда әсер ететін видеоларды жариялай бастаған.
Сондай парақшалардың бірі – "Елбасы Назарбаев" деп аталған TikTok арна. Парақшада қазіргі уақытта 98 мыңға жуық оқырман бар. Видеолар миллиондап қаралым жинап үлгерген.
Ал күні кеше Назарбаев қоры "Ескі Қазақстан Тоқаевқа қарсы ақпараттық науқан жүргізіп жатыр" деген ойларға қатысты жауап қатты.
"Қазақстанда су тасқыны болып, ахуал өткір сипат алып тұрған шақта кейбір әлеуметтік медиа Нұрсұлтан Назарбаев Қоры "биліктің беделін түсіруге және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған ақпараттық науқан" жүргізіп отыр деп жариялады. Жасырын дереккөз жариялаған ақпаратты жеке тұлғалар да айтып, негізсіз айып тақты", - делінген хабарламада.
Нұрсұлтан Назарбаев Қоры бұл жарияланым мен мәлімдеменің ешқандай объективті әрі нақты негізі жоқ екенін айтады. Олар қоғамға шынайы және сенімді ақпарат берудің маңыздылығын атап көрсетеді.
“Нұрсұлтан Назарбаев Қорының қызметінде саяси да, ақпараттық-манипуляциялық та сипат жоқ. Қордың жұмысы тек әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, ел жастарды қолдауға, қайырымдылық көмек көрсетуге бағытталған. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты және оның саяси бағытын әрдайым қолдағанын және қолдайтынын айтамыз. Бұл күндері ел тұрғындары сияқты Тұңғыш Президент те су тасқынынан зардап шеккен жандарға алаңдап отыр. Біз Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ел өңірлерінде бұрын-соңды болмаған су тасқынының салдарын жою жөніндегі шарасын толығымен қолдаймыз”, - дейді қордағылар.
Мәлімдемеге сүйенсек, Нұрсұлтан Назарбаев қоры зардап шеккен өңір тұрғындарын қолдау үшін алғашқылардың бірі болып ақша аударып, қаржылай көмек көрсеткен екен.