Дархан Сатыбалды Алмалы ауданындағы қазылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуді талап етті

Ақтоты Жапатова 22 шіл. 2025 10:32

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Алмалы ауданында көшпелі жиын өткізіп, оған аудан басшылығы, салалық басқарма өкілдері, коммуналдық қызметтер мен тиісті ұйымдар қатысты,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин ауданның негізгі мәселелерін атап өтіп, шұғыл шешімді қажет ететін түйткілді тұстарға тоқталды. Оның айтуынша, ең өзекті мәселе апаттық жағдайлар мен жөндеу жұмыстарының кесірінен пайда болған қазылған жерлердің көптігі. Бүгінде ауданда осындай 325 учаске тіркелген. Олардың дені «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ, «Алматы Су» МКК және «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-на тиесілі. Қаланың инженерлік желілері әбден ескірген, ал қазылған жерлерді қалпына келтіру жұмыстары ұзаққа созылып жатыр.

Дархан Сатыбалды көше бойындағы қазба жұмыстары аяқталған соң жерді қалпына келтіру қарқынына көңілі толмайтынын айтып, барлық жұмысты 1 қыркүйекке дейін бітіруді тапсырды. Әсіресе, «АлЖЖ» ЖШС-на жылыту маусымы басталғанға дейін барлық аумақты толық қалпына келтіру міндеттелді.

Жиын барысында «Таза Қазақстан» ұлттық бағдарламасы аясында көше жарығын орнату, қаланы тазарту және көріктендіру жайы да сөз болды. Қала әкімі мердігер ұйымдардың жұмысына сын айтты.

«Бізде барлық жағдай жасалған, жүйе бар, қаржы қарастырылған, мердігерлер де таңдалған. Өкінішке қарай, нәтиже көңілден шықпай тұр. Мердігерлер жауапкершілігін сезінуге тиіс, бюджеттен бөлінген әр тиын тек мақсатқа сай жұмсалуы керек», — деді қала әкімі.

Сондай-ақ, шаһар басшысы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған жобалардың сапасына да көңілі толмайтынын жеткізді. Мысалы, 2023 жылы тұрғындардың бастамасымен салынған кейбір шағын скверлер мен демалыс орындары сапасыз болып шыққан: отырғызылған ағаштар қурап қалған, абаттандыру тез тозып кеткен.

«Қаланың көркін жаңартып, келбетін көркейтуіміз керек. Аула мен көшеден бастап, жаяу жүргінші жолы мен жол төсеміне дейін ұқыптылық пен жаңашылдық қажет», — деді қала басшысы.

Жиын соңында Дархан Сатыбалды абаттандыру жұмыстарын ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарап, жергілікті әкімдіктердің жұмысын үйлесімді әрі тиімді ету қажеттігін атап өтті. Ендігі жерде барлық кезеңде бақылау күшейтіліп, мердігерлермен және қызмет көрсетуші ұйымдармен өзара іс-қимылдың тиімді жүйесі құрылмақ.

Көшпелі жиын барысында Алмалы ауданы тұрғындарды қабылдау өтті. Тұрғындар тұрғын үйлердің сапасы мен пайдаланылуы, аулаларды абаттандыру, инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты мәселелер көтерді. Әсіресе, «Арбат», «Номад-2» және «Status» тұрғын үй кешендеріндегі құрылыс компанияларының уәделерін орындамауы, Мұқанов көшесіне қонақүй салу жоспары мен полиция тірек пунктін халық тығыз қоныстанған ауданға көшіру қажеттігі қозғалды.

Өз кезегінде Дархан Сатыбалды инженерлік және құрылыс талаптарына сай келмейтін кемшіліктер жойылмайынша, желілерді қала балансына қабылдау мүмкін емес екенін айтты. Ал тұрғын үйлерді күтіп ұстау мәселесі басқарушы компаниялар арқылы немесе сот тәртібімен шешілуге тиіс екенін түсіндірді.

Тұрғындарға МИБ құру тәртібі және құрылыс компанияларын түйткілдерді шешуге тарту жолдары түсіндірілді. Әрбір мәселе бойынша нақты іс-шаралар жоспары мен орындалу мерзімі белгіленді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар