Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаевамен байланысты Лондондағы қымбат жылжымайтын мүлік бірнеше жылдан бері сатылымда тұр. Зәулім үйдің бағасы бастапқы құнымен салыстырғанда төмендеген, деп хабарлайды Sportinside.kz Kznews.kz басылымына сілтеме жасап.
Басылымның Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап таратқан мәліметінше, Лондонның беделді аудандарының бірінде орналасқан зәулім үйге қатысты жаңа фотосуреттер әлеуметтік желілерде жарияланған.
Жылжымайтын мүлік Ұлыбритания астанасындағы Denewood Road көшесінде, Highgate гольф-клубының маңында орналасқан.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, үйдің бастапқы бағасы 11,8 миллион доллар болған. Кейін оның құны 10,5 миллион долларға дейін төмендетілген. Яғни сатылымдағы баға 1,3 миллион долларға арзандаған.
Зәулім үйдің жалпы аумағы шамамен 765 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта жеті жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, бірнеше қонақ бөлмесі, бассейн, бильярд залы мен қысқы бақ бар.
Әлеуметтік желіде тараған суреттерден үйдің сәнді интерьерін, кең бөлмелері мен ерекше безендірілуін көруге болады.
Әсіресе ғимарат ішіндегі қазақы нақыштағы бұйымдар желі қолданушыларының назарын аударған. Бөлмелерде ұлттық ою-өрнекпен безендірілген кілемдер мен көрпелер байқалады.
Айта кетейік, аталған жылжымайтын мүлік бұған дейін Ұлыбритания құқық қорғау органдарының назарында болған.
2019 жылы Ұлыбританияның Ұлттық қылмысқа қарсы агенттігі Дариға Назарбаева мен оның ұлы Нұрәлі Әлиевке қатысы бар Лондондағы үш жылжымайтын мүліктің сатып алынуына жұмсалған қаражаттың шығу тегін анықтау үшін арнайы сот шешімдерін алған.
Олардың жалпы құны шамамен 80 миллион фунт стерлинг деп бағаланған.
Алайда 2020 жылғы 8 сәуірде Лондонның Жоғарғы соты бұл шешімдердің күшін жойды. Сот құқық қорғау агенттігінің бірқатар тұжырымы жеткілікті дәлелденбегенін анықтаған.
Дариға Назарбаева мен Нұрәлі Әлиевтің өкілдері жылжымайтын мүліктердің заңды жолмен сатып алынғанын айтып, заңсыз әрекеттерге қатысы бар деген күдіктерді жоққа шығарған.
Осылайша, жылжымайтын мүлікке қатысты қойылған шектеулер алынып тасталды.
Ал 2026 жылы Лондондағы зәулім үйдің сатылымы мен бағасының төмендеуі туралы ақпарат қайтадан жарияланды.
Дегенмен үйдің қазіргі сатылым мәртебесі, нақты мәміле жасалған-жасалмағаны және соңғы құны туралы ресми мәлімет әзірге нақтыланған жоқ.