Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева Forbes журналы жариялаған 2026 жылғы ең бай қазақстандықтар рейтингінде 20-орынға тұрақтады, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Басылым мәліметінше, оның байлығы 550 миллион доллар деп бағаланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш. 2025 жылы Дариға Назарбаева 571 миллион доллармен 17-орында тұрған еді. Forbes оның капиталының азаю себебін нақтыламаған.
Дариға Назарбаева ұлы Нұралы Әлиевпен бірге "Европа плюс Қазақстан" және НТК телеарнасына иелік етеді. Сонымен қатар ол "DLS Group" холдингі арқылы "Регион-Медиа", "Наружная Реклама-Регионы" және "Телефабрика "Дала" компанияларында үлеске ие.
Ал оның сіңлісі Динара Құлыбаева биыл рейтингте үшінші орынға көтерілген. Оның байлығы 5,4 миллиард доллар деп бағаланды. Өткен жылы ол 5,3 миллиард доллармен төртінші орында болған.
Динара Құлыбаева жұбайы Тимур Құлыбаевпен бірге «Алмэкс» холдингі арқылы Halyk Bank акцияларының 61,99 пайызына иелік етеді.