Даниал Ахметов: «Риддер жылусыз қалмайды, қалаға мазутпен көлік жіберілді»

Dalanews 24 қаз. 2022 04:17 743

Риддердегі жылумен жабдықтау бүгін кешке қалпына келтіріледі. Штаттан тыс жағдай сапасыз мазутқа байланысты орын алған. Жергілікті ЖЭО-да қазандықтар тоқтатылды. Алайда тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Бүгін  жылумен жабдықтау қалпына келтіріледі, – деп хабарлайды Dalanews.kz Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Риддер ЖЭО басшылығының немқұрайлылығына байланысты мазуттың сапасы төмен екені және су  араласқаны белгілі болды. Қазір жылу станциясына "Қазмырыш" ЖШС-нен 60 тонна ал Өскемен ЖЭО-нен 70 тонна мазут жіберілді. Ал 25 қазан күні түнгі сағат алтыда тағы алты цистерна жанармай Риддердегі ЖЭО-ға жеткізіледі.

Жетікізлген отын қоры жылу орталығының 100 күн үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Яғни, қаланы жылумен қамту тез арада қалпына келеді. Өңір басшысы Даниал Ахметов бұл мәселеге қатысты өз ойын былайша жеткізді:

– Осы сағатқа дейін Риддердегі ЖЭО-на Өскемен ЖЭО-нан 20 тонна мазутпен алғашқы көлік шығып үлгерді, бір сағат ішінде жол полициясының сүйемелдеуімен тағы 50 тонна жөнелтілетін болады. Сондай-ақ, "ҚазМырыш" ЖШС отын жеткізеді. Жылу станциясының екінші қазандығы қалыпты жағдайда істеп тұр. Бірінші және үшінші орталықтарды іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Сағат 22.00-ге дейін Риддер ЖЭО температуралық режимге сәйкес тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету керек, – деді ШҚО әкімі өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Қалыптасқан жағдайға байланысты ШҚО-ның прокуратурасы Риддер ЖЭО басшылығының салғырттығына қатысты тергеу жұмыстары басталды. Жедел штаб құрылып, жағдай аймақ басшысының жеке бақылауында.


Облыс әкімінің орынбасары қазір Риддерде жұмыс істеп жатыр. Халықтың үрейленуіне негіз жоқ. Сағат 22.00-ге қарай жылу беру қалпына келтіріледі. Зауыт қазандықтарын іске қосу алгоритмі әзірленді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар