Жасанды интеллект адамды ойлау қабілетінен айырмауы керек – блогер

Жасанды интеллект адамды ойлау қабілетінен айырмауы керек – блогер
Фото: видеодан скрин

Әлеуметтік желіде "Қызылжар батыры" лақап атымен танылған блогер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың AI and Digital Bridge 2026 халықаралық форумында айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ол жасанды интеллект адамның білім алуына көмектескенімен, оның ойлау қабілетін алмастырмауы керек екенін айтты.

"Жасанды интеллект бәрін жасап берсе, өзіміз ойлануды қоймаймыз ба? Ол оқуға, білім алуға көмектесуі керек. Бірақ адамның ойлау қабілетін алмастырмауы тиіс", – деді блогер.

"Қызылжар батыры" жасанды интеллект саласына тым қатаң шектеу қоюдың да кері әсері болуы мүмкін екенін атап өтті. Себебі мұндай жағдайда білікті мамандар мен жаңа жобалар басқа елдерге кетуі ықтимал. Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, технологияның еркін дамуына жағдай жасау қажет.

Блогер отандық мамандарды даярлау мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, жаңадан ашылған университет медицина, энергетика және өндіріс салаларына қажетті технологияларды жасайтын кадрларды оқытуға үлес қосуы керек.

"Қанша мықты технология болса да, оны дұрыс қолданатын білімді адам қажет. Сондықтан жасанды интеллект дамыған сайын біздің біліміміз бен ойлау қабілетіміз де қатар дамуға тиіс", – деп қорытындылады ол.