Даниал Ахметов: «Кемшілікті қысқа уақытта жоямыз»

Dalanews 02 сәу. 2018 05:52 722

Облыс әкімі Даниал Ахметов Мирный кентін аралап, жағдаймен толық танысқаннан кейін Пристань ауданына барды. Бұл жерде де жағдай қиын. Кешегі жүріп өткен сел тасқын енді мұзға айналып қалған.



Қонақ үйлерге орналастырылды деген тұрғындардың жағдайы мәз емес болып шықты. Себебі, бір бөлмеге бірнеше отбасы кіргізілген екен. Бақытгүл Ертаева осындағы Краевая, 55 мекенжайындағы үйде тұрады екен. Отбасындағы алты адаммен қонақүйдің бір бөлмесінде тұрып жатыр.
– Менің аяғым ауыр болғандықтан да отбасыма бір кішірек бөлме берді, – деп мұңын шақты Бақытгүл Ертаева облыс әкімі Даниал Кенжетайұлына, – менен басқа халыққа да жаным ашиды. Екі не үш жанұя бір бөлмеде орналасқан. Бізге берген бір бөлмеде бір ғана кереует тұр. Балаларды жерге жатқызайын десем, еден суық. Көрпе-жастық жетпейді. Үйдегі дүниенің бәрі малмандай су болып кетті. Үйден төсеніш әкелмек былай тұрсын, кіре алмай қалдық. Осыған көмектесіңізші құрметті Даниал Кенжетайұлы, сізден өте қатты өтінемін.

– Мен жаңа сіздер сияқты үйлеріне су кіріп, еріксіз қонақүйлерге ауысқан Мирный ауылының тұрғындарымен бетпе-бет сөйлестім, жағдайларын сұрадым, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов, – Барлығыңызды да сабыр сақтауға шақырамын. Міне, қала әкімі Ермак Сәлімовке тапсырып тұрмын, әкім орынбасарлары қонақүйлердегі халықтың жағдайын жасау үшін тәулік бойы кезекшілік жасайтын болады. Егер сіздерді қонақүйде дұрыс қабылдамаса, тіпті үш күн бойы тасыған судың астында қалдырып, одан, бүгін міне, үйлеріңіздің іші белуарға дейін мұз боп қатып қалса, сіздерден кешірім өтінемін. Тез уақытта осы кемшілікті жоямыз. Түсіндіңіздер ме?

Облыс әкімі Краевая көшесінің тағы бір тұрғыны Гүлфия Мараттың үйіне де барып, аралап шықты. Көптеген үйлер енді су емес, мұздың астында қалып отыр. Гүлфия апа өзінің жағдайын айтып, көмек сұрады.

– Семейде шығын өтеу үшін арнайы комиссия құрылды, – де жауап берді облыс басшысы Гүлфия апаға, – олар сіздердің үйдің ішін көріп, қаншалықты бүлінді, не істеу керек, соның барлығын есепке алады да, шығынды өтейді. Кімнің үйі шынымен су тасқыннан зардап шекті, оларды біз назардан тыс қалдырмаймыз.

Раушан Нұғманбекова

Дереккөзі: kaz.altaynews.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар