Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Фаина Мейірманова өткен жылдың қараша айында Токио қаласында өткен ХХV жазғы Сурдлимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алған. Облыс басшысы чемпионға құрмет көрсетіп, пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды Dalanews.kz
Жеңіл атлетикадан биіктікке секіру сайысында ол 1,79 метр нәтижесін көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Осылайша, жарыс рекордын жаңартып, Сурдлимпиада чемпионы атанды.
Сурдлимпиада ойындары - есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы ең ірі халықаралық жарыс.
Ол Халықаралық саңыраулар спорт комитетінің қолдауымен өткізіледі. Фаинаның жеңісі Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынын толтырып, Шығыс Қазақстандағы спорттың жоғары деңгейін айқындады.
Фаина Мейірманова Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі сапында өнер көрсетеді. Оның жетістіктері - көпжылдық жүйелі дайындықтың, бапкерлер штабының кәсіби еңбегінің және өңірдегі спорт ұйымдарының қолдауының нәтижесі.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Фаина Мейірмановаға спорттағы айтарлықтай жетістіктері үшін үш бөлмелі пәтердің сертификаты мен кілтін табыстады.
«Спортшымыздың жеңісі еліміздің халықаралық беделін нығайтып, қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетіп отыр”,- деп атап өтті аймақ басшысы.
Өз кезегінде Фаина жауапты сәтте толқуға берілмеуге тырысқанын айтты. Пәтер кілті оның еңбегіне берілген лайықты баға. Кездесу соңында спортшы бапкері Богдан Весельскийге және қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріне алғыс білдірді.