Журналист Ақырыс Сейітқазы Олимпиада чемпионы, Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевтің соққыға жығылуына қатысты пікір білдіріп, бұл оқиға мемлекеттік қызмет жүйесіндегі күрделі түйткілдердің бетін ашқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, орынбасары тарапынан жасалған әлімжеттік жеке жанжал емес, басқару жүйесіндегі олқылықтардың салдары болуы мүмкін.
Ақырыс Сейітқазы бұл жағдайға облыстық деңгейдегі басшылықтың жауапкершілігі бар екенін айтады. Журналистің пікірінше, мұндай әрекетке барған адам өздігінен шешім қабылдамайды.
«Орынбасарының дәл осылай басынуына облыс басшылары мүмкіндік беріп отыр. Өйткені артында тіреуі жоқ адам басшыға, оның үстіне Олимпиада чемпионына шаппайды», – деді ол.
Оның сөзінше, бұл жағдай мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік пен бақылаудың әлсірегенін аңғартады.
Журналист оқиғаның тағы бір қырын да атап өтті. Ол күдікке ілінген Дәурен Есімхановтың кәсіби спортшы екенін еске салды.
«Есімханов – самбошы, салмағы да ауыр. Ал Серік Сәпиевті көпшілік біртоға, қақ-соққа көп жоқ адам ретінде біледі», – деді Ақырыс Сейітқазы.
Оның айтуынша, салмақ айырмашылығының өзі жанжалдың қалай өрбігенін көрсетіп отыр.
«Салмағы екі есе ауыр адамның Серікті сабап, киімін жыртып тастағаны да содан шығар», – деп жазды ол.
Журналист бұл жағдайды тек күш қолдану емес, басқару тәртібінің бұзылуы ретінде бағалайды. Оның пікірінше, бұл Сәпиевке бағынышты қызметкерлердің мойынсұнбайтынын көрсетеді.
«Ал басшыға бағынбау үшін, тағы да айтамын, орынбасарға басқа біреулер жел беріп отыруы мүмкін», – дейді ол.
Ақырыс Сейітқазы өзіне жеткен деректермен де бөлісті. Оның айтуынша, күдікке ілінген орынбасар басшысының келісімінсіз құжаттарға қол қойған болуы мүмкін.
Журналист мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жағдайды мемлекет басшысы деңгейінде қарастыру қажет деп санайды.
«Меніңше, бұл мәселені президент Тоқаев тікелей бақылауға алуы керек», – деді ол.
Ақырыс Сейітқазы Қазақстанда Олимпиада чемпиондарының саны көп емес екенін атап өтті.
«Сәпиев сияқты еліміздің абыройын арқалап жүрген азаматты кім көрінгеннің басына беру дұрыс емес», – деп жазды журналист.
Оның пікірінше, спортта елдің атын әлемге танытқан чемпиондарға мемлекет тарапынан ерекше қорғау қажет.
«Чемпиондарды ерекше қорғауға алу керек!» – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін Серік Сәпиев соққыға жығылып, орынбасары тергеуге алынғанын хабарлаған едік.
