Астанада көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысын қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатын иемдену және талан-таражға салу дерегі бойынша "Дорстройтрест" ЖШС басшысына қатысты сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл іс бойынша ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті тергеу жүргізді. Samruk-Kazyna Construction АҚ мен "Дорстройтрест" ЖШС арасында құрылысқа инвестиция тарту туралы шарт жасалып, соның аясында мердігерге 2,6 млрд теңге аванс аударылған.
Алайда құрылыс жұмыстары тиісті талаптарға сәйкес жүргізілмей, белгіленген мерзімде аяқталмаған. Аванстың едәуір бөлігі құрылысқа қатысы жоқ қарызды өтеуге және көлік сатып алуға жұмсалған.
Бұдан бөлек 650 млн теңге жалған шарттар арқылы аффилирленген компаниялардың шоттарына аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Сот үкімімен "Дорстройтрест" ЖШС басшысы Нұрабаев кінәлі деп танылып, оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот шешімімен жалпы құны 131 млн теңге болатын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Ал Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры халықаралық іздеуде.