Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман сот үкіміне пікір білдірді

Сағыныш Сардарова 14 мам. 2024 09:39 127570

Кеше азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шықты. Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман сот үкіміне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Назым Қаһарман мен Қуандық Бишімбаев 14 жыл отасқан, ресми некеде болған. Олардың 3 баласы бар. Ерлі-зайыпты 2020 жылы, экс-министр бұрынғы қылмыстық ісі бойынша колониядан босағаннан кейін бір жыл өткен соң ажырасқан.

Назым Қаһарманның айтуынша, бұл жайт оларға оңай тимеген.

"Бір жағынан әйел ретінде, осы елдің азаматы ретінде ашық сотты қолдадым, өйткені бұл процесті қоғамның сауығуы мен терапиясына қадам ретінде қабылдаймын. Екінші жағынан, сот балалар мен маған күйзеліс болып тиді, өйткені онда адамшошырлық мән-жайлар белгілі болды. Балалар мұны қабылдап, әрі қарай да өмір сүруі керек. Әлемдегі бірде-бір балаға мұны тілемеймін. Сондықтан бәрі аяқталғанына жеңілдеп қалдық", - деді Назым Қаһарман Tengrinews.kz-ке.

Ол Нүкеновтар отбасына тағы да көңіл айтты.

"Менің ойымша, алқабилер соты істің барлық ашық және жабық материалын қарап, саналы және дұрыс шешім қабылдады", - деді ол Tengrinews.kz-ке.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube арнасынан онлайн қарады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғады.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова, Игорь Вранчев.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды. Ал Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • азаптау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар