Кеше экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алқабилер алқасының қатысуымен алғашқы отырыс өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Процесс ашық режимде өтті. БАҚ өкілдері үшін сот отырысының онлайн-трансляциясы бар жеке зал ұйымдастырылды. Сондай-ақ, іс-шара Жоғарғы Соттың YouTube арнасында көрсетілді.
Отырыста мемлекеттік айыптау тарапы іс бойынша айыптау актісін оқыды.
Келесі сот отырысы 29 наурызыда сағат 10:00-ге белгіленді. Алдағы отырыстар да тікелей эфирде өтеді.
Айта кетейік, алқабилер алқасын іріктеу рәсімі де кеше өтті. Сотқа келген 102 кандидаттың ішінен 12 алқаби (10 негізгі және 2 қосалқы) таңдалды.
Іріктеу алқабилер алқасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы заң шектеулеріне байланысты жабық сот отырысында өтті.
Айта кетейік, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қазір сот отырысы өтіп жатыр. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұл бірінші қылмыстық ісі емес.
Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұрынғы шенеунік пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді. Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды. Экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.